astana-view

Жүк тасымалдаушыларға көлік құралын тіркеу үшін жасаған төлемі қайтарылуы мүмкін

2024 жылғы 05 Наурыз
- Шығыс Қазақстан облысы
4863 просмотров

Алайда Шығыс Қазақстан көлік прокуроры Нұржан Керімбаевтың ақпараты бойынша, шыққанына 7 жылға дейінгі (шығарылған жылын қоса алғанда) N3 (ершікті тартқыштар) санатындағы көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алымның күшін жою туралы Салық кодексіне енгізілген толықтырулар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды күшіне енді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасымен бірлесіп, заңнаманы түсіндіру бойынша жүк тасымалдаушылармен кездесу өткізді.

- 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат куәлігі бар тасымалдаушыларға N3 санаттағы көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркегені үшін алым қолданылмайды және өндіріп алуға жатпайды, - деп түсіндірді Нұржан Керімбаев. - Салық кодексіне осы толықтыру халықаралық тасымалдармен айналысатын отандық кәсіпкерлерді қолдау және елдегі жүк тасымалдаушылардың автомобиль паркін жаңартуға ықпал ету мақсатында енгізілді.

Нұржан Керімбаев атап өткендей, қабылданған шараларға қарамастан, жүк тасымалдаушылар бюджетке қомақты соманы төлеуді жалғастыруда.

- Жүк тасымалдаушының N3 санаттағы көлік құралының алғашқы тіркеуіне төлем жасауы қателік болып табылады және ҚР Салық кодексінің 103-бабында айқындалған тәртіппен қаржы қайтарылуы немесе есепке алынуы керек, - деп қосты ол.

Бұндай жағдайларға тасымалдаушылардың отандық кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар болмауы себеп.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер