astana-view

Жеке балабақшалар бюджеттен толыққанды қаржыландырылмай ма?

2024 жылғы 12 Наурыз
- Шығыс Қазақстан облысы
5816 просмотров

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында айтылғандай, мемлекеттік балабақшалар бап бойынша қаржыландырылады, уәкілетті орган ұйымның барлық шығындарын ескереді, мәліметтерді нақтылау тетігі қолданылады. Мысалы, қызметкерлер біліктілігін арттырған жағдайда тиісінше еңбекақы қоры ұлғаяды және қосымша қаражат уақтылы бөлінеді.

- Бірақ бұл жеке балабақшаларға қолданылмайды, - деп түсіндірді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Адылхан. - Бұл факт білім беру қызметтері нарығындағы шарттардың теңсіздігіне және жеке балабақшаларда жұмыс істейтін бизнес субъектілері мен педагогтардың құқықтарын шектеуге әкеледі.

Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі.

- Өскемен қаласының білім бөліміне қосымша ақы төленуі керек педагогтер бойынша ай сайын немесе тоқсан сайын есеп тапсыру жолымен жергілікті бюджет қаражатынан біліктілік санаты үшін жеке балабақшаларға қосымша ақы төлеу ұсынылады. Мұндай жүйе бұрын, ағымдағы әдістеме бекітілгенге дейін қолданыста болған, - деді Әсет Адылхан. – Сондай-ақ, экологиялық куәліктің болуына немесе болмауына қарамастан радиациялық тәуекел аумақтарында жұмыс істегені үшін қосымша ақы төлеу коэффициентін көздеу қажет.

Сонымен қатар, оның айтуынша, балабақшалар іс жүзінде 12 сағат жұмыс істейді. Ал төлем Әдістемеге сәйкес тек 10,5 сағат үшін жүргізіледі.  Қазіргі уақытта балабақша басшылығы қалған сағат үшін ақыны өз қаражатынан төлейді.

- Жұмыс тобы Әдістемеге режимі 12 сағаттық топтар үшін есептеулер енгізуді ұсынады, - деп атап өтті Әсет Адылхан. - Сондай-ақ, АЕК-ке қатысты қолданыстағы шығындар коммуналдық және басқа да шығындарды өтемейді. Осыған байланысты жұмыс тобы инфляция деңгейінің өсуін ескере отырып, жылдар бойынша түзету коэффициентінің әдістемесіне өзгерістер енгізуді ұсынады.

Өз кезегінде ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Маратұлы жұмыс тобының дәлелдерімен келісіп, әдістемені әзірлеуші Білім министрлігі екенін түсіндірді.

Осылайша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша ШҚО білім басқармасына ҚР Білім министрлігінде Әдістемеге өзгерістер енгізуге бастамашылық жасауды, ал облыс прокуратурасына бұл мәселе туралы ҚР Бас прокуратурасына хабарлауды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер