astana-view

Атамекен кәсіпкерлер палатасының алаңында Маңғыстау облысының колледж басшылары бас қосты

2024 жылғы 13 Мамыр
- Маңғыстау облысы
2363 просмотров

Қазіргі таңда кез келген маман өз ісінің шебері болмаса, оған жұмыс беруші тарапынан да сұраныс аз болады – бұл өмір шындығы. Сондықтан, дуальды оқыту мен техникалық және кәсіптік білім беру сапасының жоғары болуына колледж де, студент те, жұмыс беруші кәсіпорын да тең дәрежеде мүдделі болуы керек. Осы сапаны өсіру жолында қандай кедергілер мен жүйелі мәселелер бар? Неліктен кәсіпорынның қызығушылығын байқамаймыз? Не себептен студенттердің білім алып, дағдыларын дамытуға ынтасы бірдей емес?

«Осындай көптеген сұрақтарға нақты жауап тауып қана қоймай, мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында Маңғыстау облысының дуальды оқыту, техникалық және кәсіптік білім беру саласында адами капиталды дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу бастамасы Палатамыздың тарапынан көтеріліп, тиісті іс-қимылдар жоспарын талқылау үшін сіздердің бастарыңызды қосып отырмыз», - деді өз сөзінде жұмыс мәжілісінде төрағалық еткен Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев.

Аталмыш іс-шаралар жоспарының жобасын колледж басшыларына Палатаның Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әділбек Қозыбақов таныстырды.

Білім ордаларының өкілдерімен қатар Маңғыстау облысы бойынша білім беру салалық кеңесінің төрағасы Ақтолқын Абилова мен “Маңғыстау облысы жекеменшік мектепке дейінгі және білім беру ұйымдары” қауымдастығы төрағасы Айбала Шалқарова алға қойылған ортақ мақсатқа қол жеткізуге арналған нақты қадамдар бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, облыс бойынша 26 колледждің әрқайсысының бағыттары ескерілуі керектігіне ерекше назар аударылды.

Жиын соңында қатысушылар Өңірлік бағдарламаның тиісті деңгейде әзірленуіне атсалысуға дайын екендігін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер