astana-view

Кәсіпкерлікті қолдау шаралары жүзеге асып жаты

2024 жылғы 30 Мамыр
- Жетісу облысы
1473 просмотров

Бүгінгі таңда Жетісу өңірінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қарқынды өсіп жатыр. Себебі, бизнеске бағытталған қолдау шаралары жетерлік.

Осы орайда, өңірлік «AMANAT» партия филиалының төрағасы Арыстанғали Арын Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевпен Көксу ауданы және Текелі қаласында кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.

Өтініш арқалап келген азаматтардың мәселелері өзекті. Ал азаматтардың мүдделерін ілгерілету – партияның ең маңызды міндеттерінің бірі. 

Қоғамдық қабылдауға келген Текелі қаласының тұрғыны Тілеуханұлы Нұрқанат қазіргі кезде ең ауқымды «Aуыл аманаты» жобасы аясында кәсіп дөңгелеткісі келетінін жеткізді. Ол 2,5%-бен берілетін несие қарапайым азаматтарға өте тиімді екенін тілге тиек етіп, асыл тұқымды малдарды алу шарттарына өзгерістер енгізілсе деген өтінішін білдірді. Келген азаматтардың басым бөлігі «Aуыл аманаты» жобасына қызығушылық танытуда.

Сонымен қатар, қабылдау барысында тұрғындар тарапынан қайтарымсыз грант, кәсіппен айналысатын көп балалы аналардың салық төлеу мәселесі, «Бизнес бастау» жобасы бойынша құжаттарды рәсімдеудің жолдары мен Қандастардың несие мен құжат жинауда туындайтын қиындықтары туралы сауалдар көтерілді.

«Ауыл халқы үшін жеке кәсіп ашу мәселесі әлі де өзекті. Халық әлі күнге дейін қаржылық сауаттылық, мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлік саласының ұтымды тұстарын жіті білмейді. Біз сол себепті облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп аталмыш шараны ұйымдастырдық» - дейді өз сөзінде «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.

Жетісу облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев азаматтардың арыз-өтініштерін толығымен тыңдап, сауалдарына жауап беріп, түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша барлық ақпарат кеңес отырыстарында қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсынылатын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер