astana-view

Елорданың көлік жуу орындарында су тазарту жүйелері пайда болады

2024 жылғы 20 Маусым
5787 просмотров

Бүгінде ауыз суды тиімді тұтыну әрі үнемдеу – өзекті мәселе болып отыр. Бұл дегеніміз суды үнемдеудің жаңа тәсілдері мен әдістерін қарастыруға мәжбүрлейді.

БҰҰ-ның дүниежүзілік суды дамыту туралы есебіне сәйкес, әлем халқының 26% таза ауыз суға қол жеткізе алмайды, ал 46% антисанитариялық жағдайда өмір сүрсе, шамамен 3,5 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығы жағдайында өмір сүреді. Соңғы 40 жылда әлемде суды тұтыну жылына шамамен бір пайызға өскен.

Қазақстан қалаларында ауыз суды тұтынушылардың бірі көлік жуу кешендері болып отыр. Соңғы жылдары заңнамаға түзетулер енгізіліп, оған сәйкес техникалық қызмет көрсету, көлік жуу станциялары үшін өндірістегі заттар мен мұнай өнімдерінен жергілікті тазартуды орнату қажет. Әйтпесе, мұндай тазарту жүйелерінің жоқтығы анықталған кезде сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін ұсыну тоқтатылады.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ, «Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» ММ, «Астана Су Арнасы» МКК, «Қазақстан Су Арнасы» ҚР сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.  

Қатысушылар көлік жуу кешендерінің проблемалық мәселелерін талқылады.

Кәсіпкерлердің айтуы бойынша, олар екі ай бұрын Астана Су Арнасынан бір ай ішінде айналымды сумен жабдықтау жүйесін орнатуы тиіс деген хабарлама алған. Олай болмаған жағдайда сумен жабдықтау қызметтерін көрсетуді тоқтататыны туралы айтылған.

 

«Атамекен» ҰКП Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің I санатты сарапшысы Руслан Қыдырәлі бұл жүйені орнату бойынша талаптар ҚР Су кодексінде көрсетілгенін атап өтті.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік жуу кешендері айналымдағы су жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Мәселе мынада, егер біз стандарттарға сәйкес келсек, онда техникалық суға индустриялық әдіс қажет. Бұл дегеніміз айналымдағы сумен жабдықтаудың арнайы жүйесін орнату. Жабдық қымбат әрі жүйе айтарлықтай қаржылық инвестиция мен уақытты қажет етеді. Ең алдымен, біз жұмыс істеп тұрған бекеттердің нақты санына зерттеу жүргізуді ұсынамыз», - деді Р.Қыдырәлі.

Сондай-ақ мүдделі тұлғалармен бірлесіп, туындаған мәселелерді кешенді шешу мақсатында Астана қаласы бойынша көлік жуу қауымдастығын құру ұсынылды.

Қайта пайдалануға арналған суды тазарту технологиясы ағынды суды тазартудың жоғары дәрежесін қамтамасыз ететін бірнеше қадам мен технологияларды қамтиды. Микрофильтрация, ондағы ұсақ бөлшектер, бактериялар және басқа микроорганизмдер сақталады. Кері осмос ауыр металдардың тұздарын және басқа да еріген заттарды ұстайды. Қалған бактериялар мен вирустарды жою үшін су дезинфекцияланады. Бұл технология ауыз суды тұтынуды азайтуға, сондай-ақ алынған суды коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік қажеттіліктерге пайдалануға мүмкіндік береді.

Қойылған талаптың басты мақсаты – ауыз суды үнемдеу. Бүгінгі таңда Қазақстанның бірнеше өңірінде су тапшылығы байқалады. Астана қаласында да, соңғы жылдары, әсіресе, жаз мезгілінде су беру іркілістері болды.      

«Астана Су Арнасы» МКК деректері бойынша өткен жылы елордаға 86 миллион текше метрден астам су жіберілді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді, өйткені инфрақұрылым қарқынды даму үстінде.

Бұл жағдайда Қазақстан аумағында коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін техникалық су сирек пайдаланылады. Сонымен қатар, суды тазарту техникалық жағынан да көп уақытты қажет ететін әрі жауапты процесс екенін атап өткен жөн. Тіпті әлемдік масштабта да қуатты өнеркәсіптік тазарту жүйелерін кездестіру өте қиын.

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес, 2050 жылға қарай әлем халқының кем дегенде 25% тұщы су тапшылығы бар елде өмір сүреді деген болжам бар.

Жағдайдың күрделілігін ескере отырып, пилоттық жоба ретінде суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу ұсынылады.

Осылайша, қала бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік қажеттіліктеріне техникалық су алу мүмкіндігін іске асыра алады.

 Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлер суды тазарту жүйесін орнату мерзімін ұзарту туралы сөз қозғады. Бұл көлік жуу орындарының иелеріне жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрақты су ресурстарын пайдалануға біркелкі көшуді қамтамасыз етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер