astana-view

ШҚО кәсіпкерлері қате статистикалық мәлімет үшін айыппұл төлейді

2024 жылғы 21 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
5831 просмотров

Маусым айынан бастап статистикалық есептілікті тапсыру кезінде дұрыс көрсетілмеген не уақтылы ұсынылмаған деректер үшін жауапкершілік қатаңдатылады. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Сауда кеңесінің отырысында «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңына қандай өзгерістер енгізілгені және осы жаңалықтарға байланысты кәсіпкерлерді не күтіп тұрғаны туралы сөз қозғалды.

ШҚО статистика департаментінің хабарлауынша, жаңа түзетулер есептерді уақтылы әрі дәл тапсыру шараларын күшейтеді.

«Профилактикалық бақылау енгізілген сәттен бастап, бірнеше жыл ішінде бұзушылықтар санының 8 есеге артуы, бизнес субъектілерінің есепті жүргізуіндегі нашарлығы, ұсынылатын бастапқы статистикалық есептілік сапасының төмендеуі байқалады. Респонденттер профилактикалық бақылау аясында айыппұл түрінде бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын біле тұра есеп бермейді. Заңның жаңа редакциясында профилактикалық бақылау алынып тасталған», - деді ШҚО статистика Департаменті заң бөлімінің басшысы Ержан Сейлханов.

Ол сондай-ақ есептілікті қайта ұсыну не ұсынылған бастапқы статистикалық деректің дұрыстығын растайтын қосымша ақпарат беру арқылы бастапқы статистиканы қамтитын мәліметке түзетулер енгізу үшін кәсіпкерлерге бір жұмыс күні берілетінін айтты. Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсынбауы анықталған кезде, белгіленген мерзімде әкімшілік іс қозғалады.

Кәсіпкерлер есептілікке өзгерістер енгізу үшін бір жұмыс күні жеткіліксіз екенін атап өтті. Мысалы, үйдің жанындағы дүкен иесі әрі бухгалтер, әрі заңгер әрі сатушы. Кәсіпкерлер мұндай қысқа мерзімде бәрін қамтамасыз ете алмайтындарын алға тартады.

Сарапшылар респондентпен тікелей байланысып, қатенің нақты қай жерде жіберілгенін нақтылап, бәрін тезірек түзетуге көмектесетіндерін айтты.

Алайда кәсіпкерлер әлі де статистикалық мәліметтерге түзетулер енгізу мерзімін өзгерту бойынша ұсыныс жасауға ниетті екендерін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер