astana-view

Алмат Асқар: Монетизация отандық мектеп формасын өндірушілердің дамуына кедергі келтіруде

2024 жылғы 12 Тамыз
346 просмотров

Стратегиялық ресурс ретінде сапалы білім беруді ілгерілету Қазақстанның барлық азаматына мүмкіндіктер жасай отырып, болашақта дамуы үшін негіз болады. Бұл тұрғыда, тіпті мектеп формасы сияқты мәселе де біршама маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларының бірінде мектеп формасының қолжетімділігі әлеуметтік әділеттіліктің маңызды факторы болып табылатынын атап өткен болатын.   

«Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Жолдауда айтылған тапсырма іс жүзінде орындалмады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдаған «жалпыға бірдей оқыту» пилоттық жобасы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен отандық тауар өндірушілерге (ОТӨ) жәрдемдесті. Бағдарламаның 2019-2021ж. тәжірибесі оң нәтиже көрсетіп, тек Астанада ОТӨ арқылы 15 мыңға жуық қазақстандық мектеп формасын алды. Бұл ретте бағдарламаға қатысатын жергілікті кәсіпкерлер санының айтарлықтай өсуі байқалады. Атап айтқанда, 2019 жылы 9 компания болса, 2021 жылы 18 компанияға дейін жетті. Бұл жергілікті өндірісті ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға, сатылымдар мен салық түсімдерінің ашықтығын арттыруға ықпал етті.

«Бұған дейін отбасылық жағдайына қарай мектеп оқушыларына форма мен аяқ киім алуға мүмкіндік берілген болатын. Цифрлық шешімдер де енгізілді. Алайда, 2022 жылы Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың шоттарына ақша аударуға көмек көрсету механизміне өзгерістер енгізді», - деп түсіндірді ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқар.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП мектеп формасын сатып алуға қаражатты монетизациялаудың (ақшалай нысанда берудің) қазіргі қолданыстағы нормасын қайта қарап, пилоттық жобаның табысты практикасын қайтаруды жақтайды. Айта кетейік, биылғы жылы әрбір білім алушыға қаржылық қолдаудың ең төменгі көлемі 43407 теңгені құрайды. Аталған механизм ата-аналардың мектеп директорына жазылатын өтініші мен сатып алу туралы чектерді ұсынуды қиындатады.

Палатаның пікірінше, монетизация отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына теріс әсер етіп жатыр, себебі бұл жағдайда сапасыз импорттық өнімге бюджет ақшасы жұмсалуда. Осыған қарамастан, қазақстандық өндірушілер балалардың қажеттіліктерін сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуге толық дайын екендерін жеткізуде.

Оқу жылының басталуы қарсаңында бағаның негізсіз өсуін реттеу де маңызды шарт болып табылады. Алмат Асқардың пікірінше, ОТӨ-ні қолдау түріндегі негізгі фактор өндіріс шығындарын, тиісінше, бөлшек сауда бағаларын төмендетеді, бұл мектеп формасының бағасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп өндірушілеріне салық жеңілдіктерін қарастыру ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік, тек 2021 жылы қазақстандық өнімдердің кең ассортименті бар «жалпыға бірдей оқыту» пилоттық жобасы жалпы сомасы 600 млн теңгеге ондаған мың оқушыны дайындады. Бүгінде еліміздің өңірлері жоба аясында мектеп формасын сатып алу бойынша цифрлық платформаны енгізуге қатысты ойларын ортаға салуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер