astana-view

Нанды қалай қабылдау керек, қандай тауарды қайтаруға болмайды және дүкен ашқан кезде нені білу шарт?

2024 жылғы 19 Қыркүйек
- Шығыс Қазақстан облысы
3058 просмотров

Осы және өзге де мәселелерге қатысты кәсіпкерлерге ШҚО кәсіпкерлер палатасында түсініктеме берілді.

Сондай-ақ, ШҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сауда объектілеріне қойылатын талаптар туралы айтып берді.

ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының Құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашеваның айтуынша, көптеген даулы мәселелерді шешуге көмектесу азық-түлік өнімдерін сату саласындағы жұмысты жақсартуға мүмкіндік береді. Шағын бизнестің жұмысы  байланысты болғандықтан, мұндай кездесулер өте маңызды.

 Мысалы, ШҚО кәсіпкерлер палатасына азық-түлік дүкенін ашуды жоспарлап отырған бизнес субъектілері жиі жүгінеді. Олар олқылықтарды болдырмау үшін бәрін қалай дұрыс ұйымдастыру керектігін білмейді.

Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Салтанат Базарханова айтқандай, дүкенді алғаш ашқан кезде міндетті түрде гигиеналық оқытудан өту қажет.

«Оқытуды сертификатталған компаниялар ақылы негізде жүргізеді. Сертификатты онлайн алу мүмкін емес, сол себепті оқытуға арнайы уақыт бөліп, бірнеше күн жүргізіледі», - деді Салтанат Базарханова.

Ол сондай-ақ аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органына қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу қажет екенін айтты. Бұл рұқсат құжатының болуы кәсіпкердің жауапкершілігінде болады.

Сонымен қатар бизнес субъектілері сауда объектілерін дезинсекциялауға, дезинфекциялауға қатысты мәселені көтерді.

Жиын барысында үй жанындағы дүкен иелері дезинфекциялау құралдарының және өңдеудің сапасына кім жауапты болатынын нақтылады. ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Техникалық регламенттер талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Алена Кравченконың айтуынша, өңдеу жиілігі Ережемен белгіленбейді, барлық іс-шаралар өндірістік бақылау жоспарына енгізілуі тиіс екенін жеткізді.

«Алайда, аккредиттелген фирмалармен дезинсекция қызметтерін көрсету туралы шарт жасалуы керек. Төлем орындалған жұмыстардың актісіне сәйкес жүргізіледі. Іс-шаралардың өткізілуі үлкен маңызға ие, ал қандай кестеге сәйкес жүргізілетінін кәсіпкердің өзі шешеді. Ең бастысы, өмірге қауіп төнбеуі тиіс. Өңдеу сапасына қызмет көрсететін фирма заңды түрде жауап береді», - деп атап өтті Алена Владимировна.

Сарапшылар жалпы дүкенді тазалауды да естен шығармаған жөн екенін айтты. Санитарлық күн айына кемінде бір рет өткізілуі тиіс.

«Нормативтік-құқықтық актілер дүкенді тазалау кестесінің болуын реттемейді. Бірақ егер іс жүзінде тазалыққа күмән болса, онда жалпы тазалау ережелері бойынша сауалнама жүргізуге болады. Дүкеннің жанындағы қоқыс жәшіктерінің саны да реттелмейді. Дүкенге кіре берісте іргелес аумақты ластамау үшін контейнер болуы керек», - деп атап өтті Салтанат Базарханова. 

Сонымен қатар кәсіпкерлер нан тасымалдау мәселесін көтерді. Нанды ораусыз жеткізуге рұқсат етіле ме деген сұраққа жауап алынды.

Алена Кравченко нанның тамақ өнімдеріне жататынын түсіндіріп, оны өндіруші орап, таңбалауы қажет екенін алға тартты.

Кәсіпкерлер көп жағдайда нан оралмаған күйінде жеткізілетінін және ведомство өкілдерінен орау ережелерін сақтау туралы наубайханаларға ұсыныс хаттарын тағы бір рет жіберуді сұрады.

Айта кетейік, мамандар азаматтардың өтініші бойынша тексеру жүргізу үшін Департаментке негіздеме ретінде медициналық анықтама немесе сараптама қорытындысы қажет болатынын айтты. Ашық тауар да зерттеуге жатпайды. Мамандар өнім сынамаларын талдауды ашылмаған өнімнен ғана ала алады.

Алты айдың қорытындысы бойынша Департаментке тұрғындардан 176 өтініш келіп түсті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер