astana-view

Маңғыстау облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды

2024 жылғы 09 Қазан
- Маңғыстау облысы
638 просмотров

«Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесінің үздіктері бренд-комитет отырысында анықталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша 10 кәсіпкер жеңімпаз атанды.

1. Сүт өнімдері (ірімшік, балқаймақ) – Бейнеу ауданы, Назгүл Сисенғалиева.

2. Қолөнер (Текемет, алаша) – Бейнеу ауданы, Шаттық Дүйсенбаева.

3. Ет өнімдері – Ақтау, Әсел Құлекешова.

4. Бөдене шаруашылығы – Мұнайлы ауданы, Айман Рахметова.

5. Қолөнер (қой, түйе жүн өнімдері) – Қарақия ауданы, Жадыра Қошманова.

6. Жылыжай шаруашылығы – Мұнайлы ауданы, Нұрқия Бекниязова.

7. Сүт өнімдері (Қымыз) – Маңғыстау аудаы, Мырзатай Қойшыбаев.

8. Бөдене шаруашылығы – Түпқараған ауданы, Райхан Шарипова.

9. Ауыз су өндірісі – Маңғыстау ауданы, Ерлан Абрахманов.

10. Ет өнімдері – Мұнайлы ауданы, Бейбіт Қабылов.

Жеңімпаздарды анықтау кезінде бренд-комитет мүшелері кәсіпкерлердің өнім жасауда тек жергілікті шикізат пен қол еңбегін пайдалануына назар аударды. Сондай-ақ, тауардың қаптамасы мен аймақтық ерекшеліктері, ішкі және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі бағаланды. Сондай-ақ, өнімнің ҚР аумағында сертификатталғаны мен кәсіпкердің тәжірибесі ескерілді.

Айта кетейік, жобаға қатысуға өтініш берген кәсіпкерлер 19 қыркүйек күні өңірлік көрмеде өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынған еді. Арнайы құрылған жұмыс тобының қорытындысы бойынша 47 қатысушының ішінен іріктелген 20 кәсіпкер келесі кезеңге жолдама алған болатын.

- Іріктелген 20 кәсіпкердің үшеуі бренд комитет отырысына келген жоқ. Сол себепті бренд-комитет мүшелері 17 кәсіпкердің өніміне дауыс берді. Қазылар алқасы әр қатысушының өнімімен танысып, өз бағасын берді. Бренд-комитет мүшелерінің әр қатысушыға берген дауысы қосылып, ең көп ұпай жинаған 10 қатысушы жеңімпаз деп танылып отыр, - деді бренд-комитеттің төрағасы, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің төрағасы Жалғас Мырзағалиев.

Одан бөлек, бренд-комитет мүшелері «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесінде іріктелген төрт қатысушыға «Маңғыстау өнімі» логотипін беруді дауысқа салды. Бренд-комитет бұл қатысушылардың өніміне логотип беруді бірауыздан қолдады. Осылайша мына өнімдерге «Маңғыстау өнімі» логотипі берілді:

1. Құр және зоогумус – Мұнайлы ауданы, Бекен Қаржаубаев.

2. Компост – Мұнайлы ауданы, Гүлмира Құрманиязова.

3. Емдік тақия, ұлтарақ, көпшік, бешпент, жадағай – Маңғыстау ауданы, Айтуған Ақжігітова.

4. Ұлттық зергерлік күміс бұйымдар – Бейнеу ауданы, Төремұрат Өмір.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер