astana-view

«Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы Р. Баталовтың Республика күнімен құттықтауы

2024 жылғы 25 Қазан
1625 просмотров

Осыдан 34 жыл бұрын, яғни, 1990 жылдың 25 қазанында «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясына қол қойылған сәт – азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарихи маңызы бар құжат әлем картасында тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының іргетасы қаланғанын айғақтайды. Еліміздің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері осы күні бекітілді. Олай болса, тәуелсіздік деген не? Бұл ұғымды әркім әрқалай түсінеді. Бірі ел тарихымен, ата-бабамыздың арманымен байланыстырса, енді бірі жеке бизнесін ашып, әлдекімнің бұйрығымен емес, өз қалауымен табыс тауып, өмір сүруді тәуелсіз болу деп біледі. Егемен ел атанған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолымызға зер салсақ, талай қиындықты еңсеріп, біршама жетістікке жетіппіз. Осы орайда жеке кәсіпкерліктің қарқынды дамып, экономикамыздың қозғаушы күшіне айналуын айрықша атап өткен жөн. Бүгінде Қазақстанда 2 миллион 260 мың кәсіпкер бар. Оның 2 миллион 254 мыңы – шағын бизнес өкілі. Демек, халықтың еңбекке қабілетті әрбір 4-ші азаматы кәсібінен нәсіп тауып отырған жайы бар. Осыдан 30 жыл бұрын нарықтық экономиканың иісі мұрнымызға да келмеп еді. Енді, міне, қыр-сырын меңгеріп, халықаралық деңгейге шықтық. Біз бастаған істі жалғастырар ұшқыр ойлы, креативті, ұлтжанды жас кәсіпкерлер ізімізді басып келеді. Қазақтың қара домалақ балалары ойлап тапқан озық бизнес идеяларға өз басым риза болам. Кең-байтақ жерімізді аманаттайтын саналы ұрпақ өсіп келе жатқанына тәубә деймін. Әрине, ХХІ ғасырдың бізге қояр талабы зор. Сын-қатер де аз емес. Алайда, саяси тұрақтылығымызды сақтап, экономикамызды дамытуға, татулық пен бірлігімізді бекемдеп, білімімізді ұштауға, кәсібилігімізді арттырып, әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруына әрқайсымыз үлес қоссақ, тәуелсіздігіміз баянды болады деп сенемін. Сондай-ақ, жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап қалу – басты парызымыз. Қадірлі отандастар! Мемлекеттіліктің басты қағидалары бекітілген Республика күні баршамызға құтты болсын! Егемендігіміздің баянды болуы әрқайсымыздың қолымызда. Тәуелсіздігіміз күнделікті еңбекпен, дамылсыз күреспен, қарқынды дамумен жалғасын табады. Осы жолда шаршамайық, талмайық, биік мақсаттарға самғайық! Мемлекетіміздің басты құндылығы – тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болып, еліміздің ертеңі жарқын, болашағы баянды болғай!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер