ҰКП: кедендегі электронды жүйені енгізудің жаңа кезеңі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттері арқылы автокөлік құралдарының өткізу қабілеттілігі мәселесіне қатысты түсініктемесі келіп түсті.
Бүгінде электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесін (ЭКЖ) енгізу мемлекеттік шекараны кесіп өту процесінің ашықтығын едәуір арттырды.
Мемлекеттік органдардың деректері бойынша «Достық-авто», «Қалжат» және «Нұр Жолы» өткізу пункттері арқылы Қытай Халық Республикасына шекарадан өту үшін ЭКЖ-де электрондық брондау санының өсуі байқалады. Бұл тасымалдау көлемінің маусымдық ұлғаюына және жүк көліктерінің көп бөлігінің өткізу пункттеріне бір мезгілде келуіне, сондай-ақ Қытай тарапының көліктің осындай көлемін қабылдауға дайын болмауына байланысты болып отыр.
ЭКЖ-де брондау лимитінің өзгеруі екінші жағынан қабылданатын жүк көліктерінің санына байланысты. Кезектерді болдырмау үшін лимитті көбейтуге немесе азайтуға болады.
МКК осы жүйені әзірлеушімен бірлесіп, «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ атынан жосықсыз тасымалдаушылардың бағдарлама-боттарды пайдалануын және слоттарды (орындарды) негізсіз брондауын болдырмау бойынша үнемі талдау жүргізіледі.
Бұл мәселемен күресу үшін бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді босатылған брондау қолжетімді орындардың тізіліміне қайтарылмайды, осылайша қайта сату мүмкіндігін болдырмайды. Бұрын слоттар жүйеде кездейсоқ пайда болды, бұл теріс бағытта пайдалану үшін қолайлы жағдай туғызды.
Бұдан бөлек, жақын арада электрондық кезектің жұмыс істеуін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл шаралар бақылауды күшейтуге және теріс пайдалану мүмкіндіктерін жоюға арналып, жүйе жұмысына одан әрі сенім ұялатады.
МКК тасымалдаушылар тарапынан жауапкершіліктің маңыздылығын айтып, қажетті шетелдік рұқсат бланкілері болмаған кезде ЭКЖ-де брондаудан бас тартуды ұсынады. Мұндай қадам жүйенің шамадан тыс жүктелуіне жол бермейді әрі оның тиімділігін арттырады.
Жалпы, жүйе үнемі жетілдіріліп отырады. Алайда, кейбіреулер түрлі тәсілдер қолдану арқылы айналып өтуге тырысады. Әзірлеушілер осындай жағдайларды тіркеп, олардың алдын алу шараларын іске асырады. Нәтижесінде осындай пайдаланушылардың жиырмаға жуығы бұғатталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: