astana-view

Тұрақты болашақ үшін бизнес: «Атамекенде» маңызды келісімге қол қойылды

2025 жылғы 27 Қаңтар
1201 просмотров

27 қаңтарда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Carlsberg Kazakhstan және Қазақстан органикалық өндірушілер Одағы органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы маңызды келісімге қол қойды. Қазақстанда органикалық егіншілік пен мал шаруашылығы мәдениетін дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеу бүгінгі және болашақ ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға көмектеседі.

Мұндағы негізгі мақсат – отандық аграрлық сектордың тұрақты дамуына жәрдемдесу. Дәлірек айтсақ, органикалық өндіріс саласында бизнес үшін қолайлы жағдай жасау, ішкі нарыққа және экспортқа органикалық өнім өндіретін фермерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық ауыл шаруашылығының экологиялық тұрақтылығын нығайту.

Жиынға арнайы қатысқан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевтің айтуынша, бұл келісім Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығының белсенді дамуын ынталандырады.

«Бүгінгі таңда бүкіл әлемде химиялық заттарды қолданбай табиғи жағдайда өндірілетін органикалық өнімдерге арналған тренд танымал болуда. Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі органикалық өнім өндірушісі болу үшін бірегей әлеуеті бар. Біздің еліміздің басты артықшылығы – егістік алқаптарда минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдану деңгейінің төмендігі. Бұл фактор органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев.

Аталмыш келісім фермерлер мен өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Атап айтар болсақ:

  • PGS көмегімен органикалық сертификаттауды жеңілдету;
  • Қазақстандық органикалық өнімдердің халықаралық нарықтардағы хабардарлығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • Заманауи экологиялық таза технологияларды енгізу;
  • Экологиялық қауіпсіздікті нығайту және топырақ құнарлығын арттыру.

Бірлескен жұмыс шаруаларды қолдауға, ауылдық аймақтарды дамытуға және халық арасында органикалық өнімдерді насихаттауға бағытталған. Бұл жоба экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) стандарттары бизнес пен ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігіне айналатын экожүйені құру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Басқосуда Carlsberg Kazakhstan компаниясының президенті Вячеслав Мальцев «Атмекендегі» келісімнің маңыздылығына тоқталды.

«Біз Қазақстанның органикалық өндірісте – жоғары сапалы өнім жасауда ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығының экологиялық негізін нығайтуда үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Біздің серіктестігіміз тұрақты даму бизнес пен қоғам үшін басымдыққа айналған елдің болашағына қосқан үлес болып табылады», - деді Вячеслав Мальцев.

Қазақстан органикалық өнім өндірушілер Одағының директоры Арсен Керімбековтің айтуынша, соңғы жылдары шағын фермерлердің органикалық егіншілікке деген қызығушылығы артқан. Дегенмен, микробизнес үшін қолжетімсіз сертификаттау құны олар үшін елеулі кедергі болып қала береді.

«Бүгінгі шараның маңызы ерекше. Ол шағын фермерлерге халықаралық сарапшылардан кеңес алуға және олардың ауылшаруашылық өнімдерін сертификаттауға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Арсен Керімбеков.

Жалпы мұндай бастама Қазақстанның табиғи ресурстарының тұрақты дамуы мен сақталуына жәрдемдесу үшін бизнес пен қоғам арасындағы серіктестіктің маңыздылығын көрсетеді.

Айта кетейік, Carlsberg Kazakhstan – ESG қағидаттарын белсенді түрде алға жылжытатын ірі халықаралық компания. Бизнестің мұндай жобаларға қатысуы қоршаған ортаны қорғауға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар, тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі мәселелерін шешуде жеке сектор мен қоғамның өзара әрекеттесуінің маңыздылығын көрсетеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер