astana-view

Туризм, логистика, мұнай-газ: Астанада ҚХР-мен келісімге қол қойылды

2025 жылғы 11 Ақпан
1227 просмотров

Астанада Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық байланысын нығайту мақсатында екі елдің іскер топтарының 80-нен астам өкілі бас қосты.  Кездесу барысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі Қытай кеңесі (CCPIT) арқылы қос елдің бизнес өкілдерін бірлескен жобаларды дамыту перспективалары талқыланды. Шара аясында Қытай өнімдерін паш еткен «China Supply Chain» көрмесі өтті.

Өз сөзінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Райымбек Баталов 2025 жылы басты мақсаттардың бірі инвестициялық жобалардың санын барынша арттыру және инвестициялық белсенділікке ықпал ететін B2B кездесулерін ұйымдастыру екенін атап өтті. Делегаттарды ҰКП қызметімен таныстырған Р.Баталов шетелдік инвестициялар үшін «Ашық есік» саясатын айта кетіп,  тұрақты әрі болжамды салық режимі, әділ кәсіпкерлік ортаға тоқталды.

«Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі әрі инвестиция көзі болып табылатын бесінші ірі ел екенін атап өткім келеді. Әріптес елдерге ыңғайлы болу үшін біз «осында және қазір» қағидаты бойынша шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны әзірледік. Бүгінде оған 77 млрд долларлық 886 жоба енгізілген. Осы құралдың арқасында инвестициялық жобалардың онлайн мониторингі және олардың іске асырылуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету жүзеге асырылады», - деді ҰКП Төрағасы.

Іс-шара барысында осы жылдың маусым айында мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында «Қытай – ОА» Іскерлік кеңесінің отырысы айтылды. Сонымен қатар, қытай делегациясы 2025 жылды Қазақстандағы Қытай жылы аясында Қазақстан-Қытай қатынасы үшін аса маңызды жыл екенін тілге тиек етті.

Халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі Қытай Кеңесінің төрағасы Жэнь Хунбинь алдағы шаралардың маңыздылығын атап өтіп, ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен Қытай Кеңесі арасындағы сауда-инвестиция бойынша берік қатынасына тоқталды. Бұдан бөлек, спикер экономикалық ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстарымен бөлісті. Бұл екіжақты сауданың өсуі үшін жаңа кеңістік ашу, инвестицияларды ынталандыру және жеткізу тізбегінің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру болды.

Өз кезегінде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чунлинь атап өткендей, Қытай елшілігі екі елдің кәсіпорындарын қолдауды, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуді және екіжақты сауданың жоғары сапалы дамуына ықпал етуді әрі қарай жалғастырады.

Айта кетейік, 2024 жылы өзара сауданың оң нәтижелері көрініс тапқан. Екі ел арасындағы тауар айналымы 30,1 млрд долларды құрады. Қазақстан Қытайға мыс кендерін, мұнай, уранды экспорттаса, автомобиль, құрылыс техникасы мен медициналық жабдықтар, тиісінше импортталады.

Іс-шара аясында мұнай-газ секторы, көлік, логистика және ауыл шаруашылығындағы жобалар бойынша бірқатар келісімге қол қойылды. Алматы қаласы мен Алматы облысында туризм, өңдеу өнеркәсібі және көлік саласындағы маңызды жобалар іске асырылады деп жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер