Қарағандылық кәсіпкерлер қаржы вице-министрімен салық реформаларын талқылады
Қарағандыда ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен Қарағанды облысының кәсіпкерлері арасында кездесу өтті. Басты мақсат – салық реформаларын, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін ұлғайту мәселесін талқылау.
Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда Астанада өткен бизнес-қоғамдастықпен кездесуде Үкіметке ҚҚС мөлшерлемесін қайта қарауды тапсырған болатын. Осыған байланысты Үкімет мүшелеріНПП «Атамекен» өкілдерімен бірге өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен салық саясаты бойынша пікір алмасуда.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ҚҚС-тың дифференциалды мөлшерлемелерітуралы Үкіметтің ұсыныстарын жариялады.
«ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерін бұл салықтан толығымен босату көзделуде. Кейбір салалар үшін аралық мөлшерлеме – 10% белгіленбек. Осылайша, ұсынылып отырған салық дифференциациясы: 16%, 10%, 0% – салықтан толық босату», – деді вице-министр.
Сонымен қатар, ҚҚС есебіне тіркелу шегі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуұсынылды.
Кездесу барысында салалық қауымдастық өкілдері салық кодексіне енгізілетін өзгерістер бойынша өз пікірлерін білдірді.
Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу қауымдастығының президенті Владимир Быков мемлекеттік шығындарды оңтайландырудың маңыздылығын атап өтті.
«Экономикалық тұрақтылық – мемлекеттік ресурстарды тиімді басқарудан, ынталандыру жүйесін қайта қараудан және бюджеттік қаражатты ұтымды пайдаланудан басталады. Гранттарды пайызсыз несиелерге ауыстыруқажет, осылайша қаражат экономикаға қайта оралады. ҚҚС мөлшерлемесін арттыруға болмайды – бұл бағаның өсуіне және бизнестің көлеңкеге кетуіне әкеледі», – деді ол.
Қарағанды облысының құрылыс саласы өкілдері атынан ОИПиЮЛ «Құрылысшылар қауымдастығы» президенті, ПК «АСПАП» директоры Төлеген Ашимов сөз сөйледі. Ол инфрақұрылымдық жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) арқылы жүзеге асыруды және құрылыс саласындағы салық саясатын қайта қарауды ұсынды.
«Халықтың төлем қабілеті төмендеп, ескі тұрғын үйлердің үлесі артып жатқан қазіргі жағдайда құрылысқа салынатын инвестициялық салық енгізілмеуі тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үйді сату кезінде ҚҚС-тан босату қажет. Бұл тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құнын төмендетуге және оны халық үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді», – деді Төлеген Ашимов.
Аймақтық кеңес мүшесі Николай Абта ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 20%-ға дейін күрт көтеру экономика мен бизнес үшін қауіпті екенін атап өтті.
«Салықтың жоғары болуы – елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру – бағаның қымбаттауына, тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне және бизнестің көлеңкеге кетуіне әкеледі. Әсіресе, шағын және орта бизнеске ауыр тиеді, олардың көпшілігі банкротқа ұшырауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың өсуінеәкеледі», – деді Николай Абта.
Ол альтернативті шешім ретінде көлеңкелі экономикамен күресу, жекелеген салаларды демонополизациялау, мемлекеттік активтерді жекешелендіру және ірі шикізат компанияларына салықтық жеңілдіктерді қайта қарау қажеттігін ұсынды.
Кәсіпкерлер талқыланған өзгерістерге қатысты көптеген сұрақтар қойып, салық саясатының бизнеске тигізетін әсеріне алаңдаушылық білдірді. Бизнес-қоғамдастық кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, салық реформаларын ұтымды түрде әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков барлық ұсыныстар назарға алынатынын және талдау жасалатынын айтты.
Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовбизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогтың маңыздылығына тоқталды.
«Қарағандылық бизнес-қоғамдастықтың пікірі ескеріледі деп үміттенеміз. Барлық ұсыныстар ҚР Қаржы министрлігіне «Атамекен» ҰКП арқылы жіберіледі. ҚҚС мөлшерлемесі мен есепке алу шегі туралы шешім сарапшылардың, кәсіпкерлердің және депутаттардың пікірі ескеріле отырып қабылдануы тиіс», – деді Ернар Күлпейісов.
Кездесуге 120 кәсіпкер қатысап, жиын барысында 15-тен астам ұсыныс айтылды. Кәсіпкерлер палатасы Қаржы министрлігіне нақты ұсыныстар жинақталып жолданатынынмәлімдеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: