astana-view

Семейдегі тігін фабрикасы тегін оқытып, жұмысқа орналастырады

2025 жылғы 24 Ақпан
- Абай облысы
378 просмотров

«Семей тігін фабрикасы» ЖШС киім тігу бойынша сегіз маманды оқытып шығарды, ал биыл сұранысқа ие мамандықты меңгергісі келетін 15 адамға арналған үш айлық оқу жоспарланып отыр. Фабрика директоры компанияның жетістіктері, мүмкіндіктері және жоспарлары туралы айтып берді.

«Семей тігін фабрикасы» ЖШС 2023 жылдың қаңтарында өз қызметін бастап, бүгінгі күнге дейін арнайы корпоративтік және медициналық киімдер өндірумен айналысып келеді. 2024 жылы фабриканың өндірістік қуаты 138 мың өнімді құрады, қазіргі кезде ай сайын 12-13 мың дана өнім шығарады.

Мемлекет басшысы бастамашы болған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы «Семей тігін фабрикасы» ЖШС директоры Айнұр Ахметовамен сұхбаттасты.

«Екі жыл ішінде өндірісімізге қомақты инвестиция салынды: жаңа технологиялық жабдықтар сатып алынып жатыр, алдағы уақытта өндірісті кеңейту жоспарымыз бар. Сондықтан бізге тігін саласының мамандары қажет. Біздің кәсіпорын Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының реестрінде оқу орталығы ретінде тіркелген. 2024 жылдың сәуір айында Абай облыстық «Мобильді дайындық орталығы» КММ-мен мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында үш айлық кәсіби оқыту туралы келісім жасастық. Келісім бойынша, оқушылар 77 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып, «Тігінші» біліктілігі бойынша сертификаттар иеленді. Сегіз түлектің төртеуі фабрикамызға жұмысқа қабылданып, қазір үшінші-төртінші дәрежелі білікті тігіншілер ретінде жұмыс істеп жүр», – деді «Семей тігін фабрикасы» ЖШС директоры Айнұр Ахметова.

Спикердің айтуынша, үш айлық оқу барысында күнделікті теориялық сабақтар техникалық қызметкерлер тарапынан өтеді, ал орта буын мамандар практикалық дағдыларды үйретеді.

«2025 жылға біз 15 адамды оқыту үшін Карьерлік орталыққа өтінім бердік. Қазір бюджет бағдарламасының ашылуын күтіп отырмыз, содан кейін келісімшарт жасасамыз. Қазіргі уақытта өндірісте қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, бар ғимараттар жөнделіп жатыр. Жолда жаңа технологиялық жабдықтар келе жатыр. Оқытуға қажетті жабдықтар паркі мен мамандарымыз да бар, сондай-ақ барлық түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігіміз де жеткілікті», – деп атап өтті Айнұр Ахметова.

Фабрика директоры сонымен қатар өндіріс жұмысының принциптерімен бөлісіп, процесті жеделдетіп, жеңілдететін автоматтандырылған жабдықтармен таныстырды. Мысалы, күн сайын пішу-дайындық цехы арнайы машина көмегімен мата ақауларын тексеріп, оның метражын анықтайды. Үлгі үлестіруші немесе әріптестері «оператор» деп атайтын маман белгілі бір модельдің орналасуын жасайды. Одан кейін мата автоматтандырылған төсегіш кешенге жіберіледі, ал мата кесуге арналған кареткадан жартылай фабрикат дайындалып, тігін цехтарына жөнелтіледі. Онда бөлшектерден дайын өнім тігіледі.

«Семей тігін фабрикасы» өңірдің жеңіл өнеркәсібін дамытуға ғана емес, сонымен қатар жұмысқа орналасуға кепілдік беретін сұранысқа ие мамандықты үйренуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кәсіпорын өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды және заманауи технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер