astana-view

Отандық бизнесті қолдау: «Астана-Жиһаз фабрикасы» базасында жұмыс кеңесі өтті

2025 жылғы 27 Ақпан
- Астана қаласы
562 просмотров

Астанада елорданың жетекші жиһаз өндірушілерінің бірі – «Астана-Жиһаз фабрикасы» базасында жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараға Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров, мемлекеттік органдардың өкілдері және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары қатысты. Қатысушылар фабриканың өндірістік процесімен танысып, автоматтандыру деңгейін және қолданылатын технологияларды бағалады. «Астана-Жиһаз фабрикасы» қазақстандық инвестициялар негізінде жұмыс істейтін отандық кәсіпорын болғандықтан, елдегі жиһаз өндірісі нарығының маңызды қатысушыларының бірі болып саналады.

Кәсіпорынның директоры Нұрлан Искалиев жиһаз өндірісі саласындағы қазіргі жағдай туралы айтып, фабриканың алдында тұрған негізгі қиындықтармен бөлісті. 

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен Respublica партиясы бұл мәселелерді шешуге көмектесуге дайын екенін білдіріп, бизнесті қолдауға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Кеңес барысында инвестициялық ахуалды жақсарту, ішкі нарықты күшейту және қазақстандық өнімге сұранысты арттыру жолдары талқыланды.

Кездесу барысында Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары кәсіпорын басшысына Қазақстандағы бизнес жүргізу, отандық өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету механизмдері және жиһаз өнеркәсібінің ерекшеліктері туралы сұрақтар қойды. Жұмысшы кәсіптер жылының жариялануына байланысты студенттер өндірісте кімдер жұмыс істейтінін және жаңа мамандарды тарту үшін қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады.

Бұл сұрақтарға жауап бере отырып, Нұрлан Исқалиев фабриканың вахталық әдісті кеңінен қолданатынын атап өтті. Бұл тәсіл әртүрлі өңірлерден мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызметкерлер үшін тамақтану ұйымдастырылған, ал жақын арада жатақханамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр Бұл бастамалар жұмысшы кәсіптерінің тартымдылығын арттырып, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша бизнестің, билік өкілдерінің және қоғамның отандық өндірісті дамыту үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екені тағы бір мәрте расталды. Қатысушылар кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара диалогтың маңыздылығын атап өтіп, саланы тұрақты дамыту үшін жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігін айтты. Мұндай кездесулер жергілікті өндірістің дамуына мемлекет ерекше назар аударатынын және бизнесті қолдау басты басымдықтардың бірі екенін көрсетеді. Мемлекет пен кәсіпкерлік қауымдастықтың тығыз ынтымақтастығы тек бүгінгі мәселелерді шешіп қана қоймай, қазақстандық өндірістің ұзақ мерзімді өсу стратегиясын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер