astana-view

Инвесторлар үшін ашық есік күні: Астанада бизнес пен билік арасындағы диалог

2025 жылғы 03 Наурыз
- Астана қаласы
459 просмотров

Астанада инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, елорданың прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері, инвестициялар жөніндегі комитеттер мен жер ресурстарын басқару басқармасының өкілдері, аудан прокурорлары, аудан әкімдіктерінің өкілдері, қалалық инвестицияларды дамыту орталығы «Astana Invest», Астананы дамыту орталығы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өкілдері қатысты. Кездесу барысында бизнесті және инвесторлардың мүдделерін қорғау, кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету, инвестициялық ахуалды жақсарту және заңды құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жер мәселелері, тарифтер, өнім өткізу және инвестициялық келісімшарттарды жасасу кезінде туындайтын проблемалар талқыланды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың айтуынша, 2024 жыл елорда экономикасы үшін рекордтық жыл болды: инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге жетіп, 13,1%-ға артқан. Жеке инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгені құрап, 7,2%-ға өсті. Әлеуметтік салаға (білім беру, денсаулық сақтау, ойын-сауық және демалыс) салынған инвестиция көлемі 295 млрд теңгеге дейін ұлғайып, жалпы көлемнің 16%-ын құрағаны ерекше атап өтілді.

 

Бүгін біз әріптестеріміз – прокуратура өкілдерімен бірлесіп ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Бұл шара аясында біз инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын бағалап, шешілмеген мәселелерді ашық диалог форматында талқылауға мүмкіндік берді. Шағын және орта бизнес – елорда экономикасының қозғаушы күші, ол қаладағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 70%-дан астамын жұмыспен қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Евгений Глотов.

Сондай-ақ, ол әкім Женіс Қасымбектің төрағалығымен жұмыс істейтін Өңірлік инвестициялық штабтың тиімділігін ерекше атап өтті. Аталған штабтың қолдауымен экономиканың сұранысқа ие салаларында жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 54 инвестициялық жоба іске қосылды.

Елорда прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев прокуратура жанында маңызды инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жұмыс істейтін фронт-офис туралы айтып өтті. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді. Прокуратура органдарының жаңа құзыреттері аясында «Прокурорлық сүзгі» механизмі іске қосылды. Әр аудан прокуратурасында тәулік бойы жұмыс істейтін мобильді топ құрылып, инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында прокурормен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда біз 1,6 трлн теңге көлеміндегі инвестицияларға қатысты 41 проблемалық істі шештік. Нәтижесінде 140-тан астам инвестордың, оның ішінде 20 шетелдік инвестордың құқықтары қорғалды», – деп атап өтті Астана қаласы прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев.

Іс-шара барысында басым бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатқан 15 инвестициялық жобаның өзекті мәселелері қарастырылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, бизнес өкілдеріне өз ұсыныстарын білдіруге және қызықтырған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік берді. Ашық есік күні билік пен бизнес-қоғамдастық арасындағы конструктивті диалог орнату мен әріптестікті нығайтудың тиімді алаңына айналды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер