Қасым-Жомарт Тоқаев «Наурыз Базары» көрмесінде БАБӨ жобасының жетістіктерін атап өтті
Астанадағы «Наурыз Базары» көрмесі дәстүрлі және заманауи мәдениет сүйер қауым үшін де, ауылдағы кәсіпкерлік пен бірегей жергілікті өнімдерге қызығушылық танытушылар үшін де нағыз мерекеге айналды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ауылдағы өндірісті қолдап, өңір экономикасының дамуына үлес қосып отырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы елорда тұрғындары мен қонақтарының ықыласына бөленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрмеге ерекше назар аударды. Жәрмеңкені жеке қарап шығып, қолөнершілердің туындыларымен танысып, Наурыз мерекесіне қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін білдірді.
«Наурызды Шығыстың көптеген халықтары тойлайды, бірақ біздің елімізде оны тойлаудың ерекше дәстүрлері қалыптасқан. Бұл мереке шынында да қазақ халқының өмірінде ерекше орын алады. Наурыз мейрамы қарсаңында біздің бірегей мәдениетімізді тереңірек білу үшін шетелден көптеген қонақтар Қазақстанға арнайы келеді. Сондықтан біз осы рухани мұраны кеңінен насихаттауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көрменің маңызды бөлігі еліміздің 14 өңірінен 25 өндіруші мен Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Түркиядан және басқа елдерден келген шетелдік шеберлердің қатысуы болды. Бұл тәжірибе мен мәдени дәстүрлермен алмасу үшін бірегей атмосфера құруға мүмкіндік берді. Іс-шара қатысушыларға өз өнімдерін көрсетуге көмектесіп қана қоймай, Қазақстанның ауылдық жерлерін дамытуға және олардың экономикасын нығайтуға деген қызығушылықты арттырды.
«Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП 2023 жылдан бастап жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба. Оның мақсаты жергілікті ресурстардан, оның ішінде ауыл деңгейінде өңірлік өнімді анықтау, өндіріс технологияларын жетілдіруге жәрдемдесу, сондай-ақ, өнімнің сыртқы және (немесе) ішкі нарыққа шығуына көмектесу болып табылады.
Екі жыл ішінде жобаға Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан 1300-ден астам өндіруші қатысты. Оның ішінде 138-і жобаның финалистері атанды. БАБӨ аясында кәсіпкерлер 2 жыл ішінде жалпы сомасы 343 млн теңге несиелер мен гранттар алды. Бұл 700-ден астам өнім түрін шығаруды іске қосып, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: