astana-view

Қазақстандық өндірушілер қытайлық алпауыт компаниялармен $98 млн келісімшарттар мен меморандумдар жасасты

2025 жылғы 09 Сәуір
3726 просмотров

Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласында Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екіжақты кездесу өтті. Іс-шараны ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстанның Сиандағы Бас консулдығы және Шэньси провинциясының Сауданы дамыту жөніндегі кеңесі ұйымдастырды.

Стратегиялық келіссөздер барысында қазақстандық делегация дәстүрлі тауар алмасудан орнықты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға және бірлескен кәсіпорындар құруға көшудің басымдықтарын белгіледі. Бұл мемлекет басшылары келіскен $80 млрд нысаналы тауар айналымына қол жеткізудің кілті болып отыр.

Тараптар жоғары технологиялық логистиканы дамытуға және Қытай–Еуропа көлік дәлізін кеңейтуге бейілділігін растады. АӨК, ЖЭК, машина жасау саласындағы жобалар, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жаңғырту жөніндегі бастамалар ерекше қызығушылық тудырды.

Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан қолдаудың жүйелі құралдарын ұсынды:

  • Жалпы сомасы 46,6 трлн теңгеден асатын 1100-ден астам жоба орналастырылған ұлттық цифрлық инвестициялық платформа;
  • Мәмілелерді толық сүйемелдеу, оның ішінде заңдық қорғау және уағдаластықтарды іске асыру мониторингі;
  • Қытайға тікелей жеткізу арналарын қоса алғанда, экспорттық мүмкіндіктерге ашық қолжетімділік.

Сапардың екінші күні екі елдің 160-тан астам кәсіпкерінің қатысуымен ірі сауда-экономикалық кездесу өтті. Алғаш рет B2B-кездесу форматы Қазақстанның Бас консулдығының алаңында, оның ішінде ұлттық көрме форматында өтті. 50-ден астам отандық өндірушілер астық, майлы дақылдар, ұн және аграрлық өнімдерді таныстырды.

Бас консулдық кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар арасындағы тікелей өзара іс-қимылдың тиімді тұғырнамасына айналды. Іс-шараны ұйымдастырудағы қазақстандық дипломаттардың бастамасы халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда шешуші рөл атқарды. Аталмыш формат инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын және Қазақстан экономикасын жедел дамытуға бағытталған мемлекеттік, дипломатиялық, квазимемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың үйлестірілген жұмысын көрсетеді.

Нәтижесінде $98 млн. келісімшарттар тікелей жеткізу жөнінде келісімдер жасалды, сондай-ақ ірі кәсіпкерлік иелерімен меморандумдарға қол қойылды:

Атап айтқанда, Aiju Grain and Oil Industry Group — майлы өнімдерді жеткізу бойынша;

Shaanxi Foreign Economic and Trade Group — ТМК, энергетика және логистика жобалары бойынша;

Ningxia State Farm (активтері €400 млрд жоғары) - мал шаруашылығына жем-шөп дақылдарын сатып алу бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске қосу үшін қытайлық делегациялардың Қазақстанға келуі күтілуде. Басты назарда – екі қайта өңдеу зауытын салу, жаңа логистикалық маршруттарды іске қосу және АӨК қажеттіліктері үшін сумен жабдықтау жүйелерін құру.

Сианға сапар Қазақстан мен Қытайдың өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне-саудадан ұзақ мерзімді, өзара тиімді инвестициялауға және индустриялық ынтымақтастыққа қадам басқандығының дәлелі болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер