astana-view

Шымкентте студенттердің бизнес-жобалары іріктелді

2025 жылғы 22 Сәуір
- Шымкент қаласы
268 просмотров

Шымкентте университет және колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары арасындағы бизнес-жобаларды іріктеуге арналған «Менің арманым» халықаралық конкурсы өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген жастар қатысты.

Сайыстың мақсаты инновациялық ойларды жандандыру арқылы білім алушыларды бизнеске жұмылдыру, үздік инновациялық жобаны анықтау, жастар арасында инновациялық кәсіпкерлікті насихаттау болатын.

Байқаудың комиссиясының құрамында Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Диас Алисапар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалының өкілі Мұғазан Қаңлыбаев, кәсіпкерлер болды.

Конкурсқа қатысқан студенттер арасында Газосманпаша университеті (Түркия), Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті (Орал қаласы), Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейі, Ж.А.Тәшенев университеті, Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті (Шымкент) сияқты оқу орындарының өкілдері болды. Жалпы 60-тан аса жобаның арасынан 13 жоба ақтық кезеңге қатысты.

«Жастар арасындағы инновациялық жобалар анықталған конкурста жеңімпаз атанған жоба иелері марапатталды, екі жобаның иегерін Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысуға шақырдық. Бұл – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратын жоба. Онда жергілікті шикізаттан өнім өндірушілер іріктеліп, үздіктеріне Кәсіпкерлер палатасының атынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. «Бір ауыл – бір өнім» жобасында жеңімпаз атанған кәсіпкерлер кейіннен 5 млн теңгелік грантқа да өтінім жасай алады», – деді Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Диас Алисапар.

Айта кетейік, конкурс барысында үздік жобалар «Ең үздік бизнес жоба», «Ең үздік болашаққа бағдар жобасы», «Ең үздік көрермендер таңдауы», «Маркетинг саласындағы ең үздік стартап», «Жасанды интеллект саласындағы ең үздік стартап», «Ең үздік әлеуметтік стартап», «Қызмет көрсету саласындағы ең үздік стартап» номинацияларымен марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер