astana-view

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Бакудегі АӨСШК Іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысты

2025 жылғы 20 Мамыр
519 просмотров

2025 жылғы 20 мамырда Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы қатысып, «Өндірістік кооперация және ШОБ-тың жаһандық құн құру тізбектеріне (GVC) қатысуы» тақырыбын ұсынды.

Отырыстың ашылу рәсімін АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай мен Іскерлік кеңестің төрағасы Орхан Маммадов жүргізді. Қайрат Сарыбай өз сөзінде АӨСШК Іскерлік кеңесі іскерлік қауымдастықтар мен мемлекеттік органдарды біріктіретін маңызды кеңесші орган екенін атап өтті және Азиядағы ШОБ-қа арналған интерактивті нұсқаулықтың электронды кітабының жарық көргенін хабарлады. Бұл кітап бастапқы кезеңде Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Ресейдің қатысуымен әзірленді, олар АӨСШК Іскерлік кеңесінің басқарма мүшелері болып табылады.

Орхан Маммадов АӨСШК-нің басты мақсаты – бизнесті қолдайтын практикалық бастамаларға көңіл бөлу екенін айтты. Мұндай бастамалардың бірі – ШОБ дамыту жөніндегі электронды нұсқаулық. Бұл жоба бизнесті бастау мен дамыту, қаржыландыруға қол жеткізу және жаңа нарықтарға шығу бойынша практикалық ұсынымдар беретін құнды ресурс болып табылады. Онда бизнесті тіркеу, құқықтық-нормативтік база, қаржыландыру мен инвестиция тарту мүмкіндіктері туралы маңызды ақпарат қамтылған.

Отырыста келесі өзекті мәселелерге баса назар аударылды:

        •        АӨСШК өңіріндегі цифрландыру, жасыл экономика және трансшекаралық сауда салаларында шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылау;

        •        Өндірістік кооперация және ШОБ-тың жаһандық құн құру тізбектеріне (GVC) қатысуы;

        •        Аймақтық экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инновацияларды ілгерілету, технологияларды енгізу және орнықты бизнес-модельдерді қалыптастыру;

        •        АӨСШК-ге мүше мемлекеттерге тәжірибе алмасу және ШОБ-ты қолдайтын саясаттың негіздерін талқылау үшін желілік платформа ұсыну.

АӨСШК Іскерлік кеңесінің Қазақстан тарапынан төраға орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов өз сөзінде өндірістік кооперация мен ШОБ-тың жаһандық құн құру тізбектеріне қатысуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның АӨСШК елдерімен өзара сауда көлемі шамамен 78 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл елдер табиғи ресурстарға бай, аумақтық артықшылықтарға және жоғары технологиялық әлеуетке ие, бұл оларды өндірістік кооперация шеңберінде өнімдерді сыртқы нарықтарға шығаруға толық мүмкіндік береді.

Мұрат Қарымсақов сондай-ақ, 2024 жылы Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс индексі шамамен 106% құрағанын атап өтті. 2025 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпте де 8,7% деңгейінде оң өсім байқалады. Бұл Қазақстанның өндірістік ынтымақтастықты тереңдетуге және жаһандық құн тізбектеріне қатысуын кеңейтуге әлеуеті бар екенін көрсетеді.

Қазақстан АӨСШК елдерімен агроөнеркәсіптік кешен, медицина, білім беру, IT, туризм және басқа да салаларда белсенді ынтымақтастықты дамытып келеді. Бірлескен жобалар қатарына халықаралық Транскаспий көлік бағытын (Middle Corridor) дамыту, «Ақтау теңіз порты» АЭА-дағы Azersun Holding логистикалық орталығының қызметі және басқа да бастамалар кіреді.

АӨСШК Іскерлік кеңесінің отырысына Таиланд, Түркия, Ресей, Палестина, Қырғызстан, Иран, Үндістан, Қытай және Өзбекстан өкілдері де қатысты. Кеңес отырысынан кейін АӨСШК елдеріндегі ШОБ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты даму мен әйелдердің ШОБ-тағы рөлі тақырыптарындағы панельдік сессияларды қамтыған бизнес-форум өтті. Форум аясында Әзербайжанның Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту қауымдастығы мен Қазақстанның Бизнес, қоғам және мемлекет байланысы қауымдастығы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, АӨСШК Хатшылығы Азиядағы ШОБ-ты дамытуға арналған электронды кітапты таныстырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер