astana-view

Жұмысшы мамандықтар жылы: оқушылар өндіріспен танысуда

2025 жылғы 26 Мамыр
- Шымкент қаласы
1509 просмотров

Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы бастамасын жүзеге асыру мақсатында жоғары сынып оқушыларының Шымкенттегі орта және ірі кәсіпорындарға экскурсиясы жалғасуда.

Жуырда 3 мектептен жиналған 50-ден астам оқушы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы өндіріс орындарында болды.

Қауіпсіздік техникасы түсіндірілген соң оқушылар Bal Carpet кілем фабрикасын аралап, жұмыс барысымен танысты.

«Біздің кілемдер заманауи үлгіде тоқылуда. Еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады. Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған. Өнімдеріміз ішкі нарықтан бөлек алыс және жақын шетелдерге де экспортталады. Өндірісіміз екі бағытта жүреді: кілем және кілем бұйымдарын тоқу мен полипропилен жіптерін иіру. Жұмыстың көп бөлігі автоматтандырылған, операторлар сол құрылғыларды басқарып отырады», – дейді «Бал Текстиль» ЖШС өндіріс басшысы Еркеғали Әбдіғаппаров.

Оқушылар кілемге қажет жіптің иірілуінен бастап кілемнің тоқылуына дейінгі процеспен танысты.

Одан кейін жастар «АГФ групп» ӨК» ЖШС өндірісінде болды. Бұл компания Қазақстандағы текстиль өнімдерінің ең ірі өндірушісі саналады. Компанияның сауда бөлімінің бастығы Бауыржан Юсуповтың айтуынша, мұнда негізінен төсек жабдықтары дайындалады. Бір кезеңде 10 мың жиынтық тігіледі.

«Біз жұмысшы және техникалық мамандық иелерінің жұмысымен танысып, гуманитарлық мамандықтармен қоса олардың да қоғамдағы орны зор екеніне көз жеткіздік. Күнделікті қолданатын заттардың қалай жасалатынын жақыннан көрдік. Мұндай танымды іс-шаралар біз сияқты болашақ түлектердің алдағы уақытта мамандық таңдауындда бағдар береді деп ойлаймыз», – дейді Сансызбай Бекбосынов атындағы №70 мектептің оқушысы Назым Тілеуберді.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, мұндағы мақсат – болашақ түлектерді жұмысшы мамандық иелерімен және өндіріс барысымен таныстырып, толық мәлімет беру.

«Шымкентте Президент бастамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам ретінде бизнес пен оқу орындары арасындағы өзара байланысты нығайтуға басымдық берілмек. Әсіресе, дуальды оқытудың жол картасы аясындағы әріптестік нығая түседі. Қаламызда 40-қа жуық колледж болса, соның 25-інде дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылуда. Онда 10 мыңға жуық студент өздерінің теориялық білімін кәсіпорындарға барып, тәжірибемен ұштастыра отырып білім алуда», – дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы бөлім басшысы Жанар Алтаева.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өңірлердегі кәсіпорындардағы мамандар қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz платформасындағы бұл мониторинг еңбек нарығының қажеттілігін нақты анықтауға және техникалық және кәсіби оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға көмектеседі. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өз бағдарламаларын кәсіпорындардың сұранысына орай бейімдеп, маман дайындаудың сапасы арта түседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер