astana-view

Астанада сыртқы жарнаманы алып тастау мәселесі талқыланды

2025 жылғы 13 Маусым
- Астана қаласы
863 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу кәсіпкердің өтініші бойынша ұйымдастырылды. Ол электронды жүгіртпе жолақтың алып тасталғанын мәлімдеген. Кәсіпкер ұсынған мәліметке сәйкес, демонтаж жұмыстарын Астана қаласы әкімдігінің «Астана-Жарнама» КММ қызметкерлері жүргізген.

Кездесуге Кәсіпкерлер палатасы басшылығының өкілдері, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті, Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, «Астана-Жарнама» КММ өкілдері және кәсіпкердің өзі қатысты.

Тараптар оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі қарастырып, қолданыстағы заңнама нормаларын және сыртқы жарнаманы орналастыру тәртібі мен өзара іс-қимыл регламентін талқылады.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 22 шілдеде Кәсіпкерлер палатасының белсенді қатысуымен елордада бірыңғай сәулеттік-көркемдік келбетті қалыптастыру және іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Аталған құжатқа Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов қол қойды. 

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жарнама конструкцияларын орналастыру тәртібін сақтау бойынша түсіндірулер мен ұсынымдар берілді. Жағдайға объективті баға беру мақсатында Астана қаласының прокуратурасына «Астана-Жарнама» КММ қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беру туралы ресми өтініш жолданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер