astana-view

QR-код арқылы Ресейге кіру: жаңа шаралар қазақстандық бизнес пен экономикаға қалай әсер етеді?

2025 жылғы 23 Маусым
875 просмотров

2025 жылғы 30 маусымнан бастап Ресей визасыз режиммен кіретін ТМД елдері азаматтары үшін міндетті онлайн тіркеуді енгізеді. Қазақстан азаматтары, оның ішінде 6 жастан асқан балалар, шекарадан өтуге дейін кемінде 72 сағат бұрын RuID қосымшасына тіркеліп, саусақ іздерін тапсыруы тиіс.

Миграциялық талаптардың күшеюі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Логистика және тасымалдау комитетінің Автомобиль көлігі жөніндегі шағын комитет отырысында талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша ҰКП Сыртқы істер министрлігіне логистика, сауда және жеткізуге төнетін қауіптерге байланысты жаңа талаптарға түсініктеме беру жайында ресми хат жолдады. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің жауабында 7 күннен кейін күшіне енетін негізгі өзгерістер расталды.

Елшілік ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл қадам – азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың Ресейге кіруі мен шығуына қатысты ережелерді сынақтан өткізу бойынша мемлекеттік эксперименттің бір бөлігі болып табылады.

«2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстан азаматтары Мәскеудің халықаралық әуежайларына (Домодедово, Шереметьево, Внуково, Жуковский) және Орынбор облысындағы Маштаково автокөлік өткізу бекетінде биометриялық деректер – бет бейнесі мен саусақ іздерін тапсыруы қажет. 2025 жылғы 30 маусымнан бастап бұл процедура Ресей мемлекеттік шекарасынан өтетін барлық бекеттерге қолданылады», – делінген ресми жауапта.

Бұл бизнеске қалай әсер етеді?

Ресей нарығымен белсенді жұмыс істейтін қазақстандық бизнес үшін бұл өзгерістер елеулі қауіп төндіреді. Жаңа ережелер әсіресе экспортқа бағытталған аймақтардағы шағын және орта бизнеске тікелей әсер етеді.

Мәселен, жүк және жолаушы тасымалында жүргізушілерді тұрақты тіркеу қажеттілігі туындайды. Бұл әкімшілік шығындарды арттырып, маршруттарды ұйымдастыруға кететін уақытты көбейтіп, шекарада кідірістерге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, ресейлік аумақтағы ұзақмерзімді жобаларға қатысу қиынға соғады (маусымдық жұмыстар немесе іссапарлар).

Шекарадан өту рәсімінің күрделенуі сауда-экономикалық ынтымақтастыққа да әсер етуі мүмкін: іскерлік мобильділік төмендеп, келіссөздер мен іскерлік іс-шараларға қатысу азаяды, бұл трансшекаралық саудада ШОБ белсенділігінің төмендеуіне алып келуі ықтимал.

Мәселе Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында да көтерілді.

«Біз тауарларды Ресейдегі зауыттарға фурамен жөнелтеміз. Енді жүргізушілер RuID жүйесінде тіркеліп, QR-код алуы қажет. Маусым басталғанда аталмыш үрдіске ешкім де әзір емес. Қазірдің өзінде күріш, жеміс-жидек, көкөніс тасымалына көлік жетіспеушілігі байқалуда», – деді күріш экспорттайтын «Абзал и К» компаниясы директорының орынбасары Айгүл Қосмұратова.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, фура жүргізушілері жаңа цифрлық рәсімдерді қабылдауға құлықсыз. Олар қосымшада тіркеліп, деректерді жүктеп, растауды күтіп отырғылары келмейді. Бұл жаппай шекарадағы кідірістерге, жеткізу үзілістеріне және ресейлік серіктестермен келісімшарттық айыппұлдарға алып келуі мүмкін. Бұдан бөлек, ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) келісімі аясында тауарлар мен қызметтерді еркін қозғалысқа шығару қарастырылған.

Қысымның қосымша факторы – Қазақстан азаматтарының Ресейде болу мерзімінің қысқаруы. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР азаматтары Ресейде күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды (бұрын 180 күн ішінде 90 күн болатын). Бұл ұзақ іссапарларға, маусымдық жұмыстарға және басқа да іскерлік белсенділік түрлеріне мүмкіндік аясын тарылтады.

Уәкілетті мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта ресейлік тараптың шараларына жауап ретіндегі әрекеттер талқылануда. Дегенмен, ҚР Үкіметі тарапынан ресми ұстаным әзірге жарияланған жоқ.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан және Ресейдің мемлекеттік органдарымен жаңа талаптардың жүзеге асырылу барысын бақылап, кәсіпкерлер мен тасымалдау компаниялары үшін туындауы мүмкін қиындықтарға жедел әрекет ету мақсатындағы жұмысын жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер