Бизнестің өзекті мәселелері тыңдалды
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшылығы кәсіпкерлерді қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, кәсіпкерлер қатысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде бақылау-құзырлы орган өкілдері ел азаматтарының, кәсіпкерлердің арыз-шағымдарына, ұсыныс-тілектеріне әрдайым ашық. Сондай іс-шараның бірі Кәсіпкерлер палатасында өтіп жатқан осы қоғамдық қабылдау деп айта аламыз. Жалпы бүгін ғана емес, кез келген уақытта кәсіпкерлер өздерін мазалаған сұрақтармен Кәсіпкерлер палатасына немесе тиісті органдарға жүгіне алады», – деді Сабира Адамбекова.
Алмас Манатұлы елімізде 16-20 маусым аралығында «Заң мен тәртіп» ұлттық бастамасы іске асырылғаны, өңірімізде кәсіпкерліктің дамуына, бизнес-ахуалдың жақсаруы бағытында департамент тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндап өтті.
«Заң мен тәртіп» ұлттық бастамасы аясында кәсіпкерлердің заңды құқықтарын іске асыруға және проблемалық мәселелерін шешуге Экономикалық тергеп-тексеру депаратаменті тарапынан қолдау көрсету арқылы бизнесті қорғау мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП-пен бірлескен өңірлік отырыстар өткізілуде. Кешенді іс-шаралардың аясындағы осындай қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – бизнесті қорау, кәсіпкерлікті жүргізу барысында туындаған мәселелерді тыңдап, оларды шешу бойынша көмек көрсету. Кәсіпкерлік субъектілердің алдынан туындаған сұрақтар мен проблемаларды шешуде әрдайым заң шеңберінде көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Алмас Манатұлы.
Қоғамдық қабылдау барысында кәсіпкерлер өздерін мазалап жүрген сұрақтарын ортаға салып, департамент басшылығының жауабын алды. Атап айтқанда «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров, «Эристайл-Қазақстан» ЖШС директоры Ойрат Мамыров секілді мекеме жетекшілері кәсіпкерлікті жүргізу барысындағы ашықтық, әділдік принциптердің сақталуы бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы қабылдауда көтерілген мәселелердің қараусыз қалмайтынын айтып, қажет болған жағдайда тиісті органдар алдында көтерілетінін жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: