astana-view

Павлодарда өткен Халықаралық сүт бизнесі форумында инвестициялық кездесудің модераторы «Атамекен» Палатасының басшысы болды

2025 жылғы 30 Маусым
- Павлодар облысы
230 просмотров

IV Халықаралық «Pro Moloko-2025» форумының аясында Павлодардағы «Sport City» кешенінде өткен екінші «Kazagro industry invest’25» инвестициялық кездесуін Ерқанат Абенов жүргізді.

Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және жақын әрі алыс шет елдерден сүт өнімдерін өндіретін компаниялардың өкілдері жиналды. Инвестициялық кездесуде бұл саланы, әсіресе Павлодар облысындағы даму мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шара модераторы, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директорының айтуынша, Павлодар облысы – Қазақстанның ірі индустриялық өңірлерінің бірі ғана емес, сонымен қатар маңызды аграрлық өндіріс орталығы. 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша тек ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 51,5 млрд теңгені құрады.

«Агроөнеркәсіп кешені саласында 2025-2029 жылдарға арналған жалпы сомасы 143,8 миллиард теңгеге жуық 49 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды: 2025 жылы – 36 млрд теңгеге жуық 23 жоба, 2026 жылы – шамамен 43,2 млрд теңгеге 18 жоба, 2027 жылы – 17,1 млрд теңгеге 5 жоба, 2028 жылы – 44 млрд теңгеге 2 жоба және 2029 жылы – 3,5 млрд теңгеге 1 жоба», – деді Ерқанат Абенов.

Ол Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі өсу драйверлері болып табылатын үш негізгі басым бағытты ерекше атап өтті: суару жүйелері, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу.

Өңірдегі суармалы жерлердегі егістік алқап көлемі – 82,1 мың гектар. Бұл бағыттағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі – «Ертіс-Үспенка» каналының қайта жаңғыртылуы. Жоба жүзеге асқан жағдайда шамамен 10 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға қосылады. Сонымен қатар, өңірде жалпы құны 9,9 млрд теңге болатын, 9 мың гектар жерді қамтитын 10 суару жобасын іске асыру жоспарланған.

«Мал шаруашылығы бойынша, мысалы, ірі қара мал құрылымында сүт бағытындағы сиырлар басым – 541,4 мың бас сүтті сиыр тіркелген, бұл жалпы мал басының 89 пайызын құрайды. Өңірде 30 мыңнан астам сиыр ұсталатын 17 ірі сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді. Бұл фермалар өнімділігі мен жалпы өндіріс көлемі бойынша Қазақстандағы үздіктер қатарында: олар – “Agro-Trade PV” ЖШС, “Кирова” ЖШС, “Astyk-PV” ЖШС және “Галицкое” ЖШС», – деді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыта отырып, өңір 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 16 түрін (күріш, тұз және қанттан басқа) шығарады. Ауыл шаруашылығы шикізатын тұрақты өңдеуді қамтамасыз етіп, жергілікті өніммен нарықты қамтамасыз ету мақсатында облыста 251 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.

Көкөніс қоймаларының сыйымдылығы бойынша Павлодар облысы Қазақстанда бірінші орынды иеленіп отыр – 500 мың тонна. 2025 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша, облыс жалпы сомасы 24,3 млн АҚШ долларына 92 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаған.

«Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен инвесторларды жан-жақты қолдаумен және олардың мүдделерін қорғаумен айналысады. Бұл тұрғыда агробизнес – басым бағыттардың бірі», – деп түйіндеді Ерқанат Абенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер