astana-view

ҰКП мен Ислам даму банкі арасында су ресурстарын орнықты басқару бойынша ынтымақтастық орнады

2025 жылғы 01 Шілде
797 просмотров

«Атамекен» ҰКП климаттық өзгерістерге бейімделген су ресурстарын дамытуға бағытталған ауқымды жобаны талқылау өтті. Аталмыш жоба Қазақстанның су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.

Еске сала кетейік, бір ай бұрын ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі бизнес-қауымдастыққа жоба аясында атқарылатын жұмыс жоспарын, құрылыс материалдарына деген қажеттілікті, тендерге қатысу шарттарын және сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету шараларын таныстырған болатын.

Бұл жолы «Атамекен» ҰКП, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қазақстанға келген Ислам даму банкі делегациясының үшжақты кездесуі аясында қазақстандық бизнестің су нысандарына құрылыс материалдарын жеткізу ісіне қатысу мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов рәсімдердің ашықтығына және цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударды.

«Ұлттық палата ретінде бүкіл бизнес қауымдастық атынан, аталмыш жобада шешім қабылдау мен оның ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ортақ жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Бұл үдерісте цифрлық шешімдерді енгізу аса маңызды. Біз осы бағытта нақты қадамдар жасап, Үкіметке дайындап жатқан өнімімізді ұсынуға дайынбыз. Ислам даму банкімен бірлескен жобада цифрлық шешімдер тендерлік рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын арттыра алатынын көрсеткеніміз жөн болар еді», – деді Баталов.

Сондай-ақ, ҰКП құрылыс процесінде кідірістер мен үзілістерді болдырмау мақсатында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда: темірбетон бұйымдарын өндіретін зауыттардың қуаттылығын арттыру, жобалаушылар, мердігерлер және жеткізушілер арасында кезең-кезеңімен үйлестіру, жеткізу және жұмыс кестелерін ай сайынғы негізде мониторингтеу жүйесін енгізу және есептілікті Министрлік деңгейінде жүргізу.

«Бұл жоба ел үшін стратегиялық маңызға ие. Ол су шаруашылығы саласының трансформациясына жол ашып, ұсынылып отырған шаралар ресурстар тапшылығы мен логистикалық үзілістердің алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев.

ИДБ сарапшыларының бұл сапардағы негізгі мақсаты – су ресурстарын басқару саласында институционалдық әлеуетті дамыту, заманауи технологияларды енгізу, техникалық және кәсіби білім беруді жетілдіру, су инфрақұрылымын автоматтандыру және цифрландыру бағыттарында оқыту семинарларын өткізу.

Семинарлар 6 шілдеге дейін жалғасады. Ислам даму банкінің делегациясы сондай-ақ Түркістан және Жетісу облыстарына барып, «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясында жоспарланған ірі құрылыс жұмыстарының барысымен танысады.

«Бұл сапар — су саласына озық технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті арттыру бағытында ұзақ мерзімді әріптестікке өзара мүдделі екеніміздің дәлелі. Әлемдік климаттық сын-қатерлер жағдайында бұл — ерекше маңызды. Біз жаңа бағдарламалар мен бастамалар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Айта кетейік, Ислам даму банкімен бірлескен жобаның бірінші кезеңі төрт жаңа су қоймасын салу мен қолданыстағы нысанды қайта жаңғыртуды, 115 арнаны күрделі жөндеуден өткізуді және Астананың су қоймасын толықтыру жобасын қамтиды. Жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Астана қаласын қамтиды.

Отандық бизнесті қолдау мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы адал кәсіпкерлерді осы ауқымды жобаға қатысуға шақырады. Қатысу Ислам даму банкінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер