astana-view

Атырауда әлеуметтік кәсіпкерліктің келешегі мен «Жарқыра» бағдарламасының тәжірибесі талқыланды

2025 жылғы 20 Тамыз
1509 просмотров

Атырауда өткен республикалық әлеуметтік кәсіпкерлер форумы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту саласында маңызды оқиға болды.

Форум ашық диалог форматында ұйымдастырылып, әлеуметтік бизнес, мемлекеттік орган өкілдері, ҮЕҰ, БАҚ пен «Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шағын комитет мүшелері қатысты.

Форумның басты тақырыбы – 2016 жылы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен басталған және «Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қоры» ҚҚ жүзеге асырып келе жатқан «Жарқыра» бағдарламасының 10 жылдығы. Осы уақыт ішінде бағдарлама 82 әлеуметтік кәсіпкерге гранттар, пайызсыз қарыздар, менторлық қолдау және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін ұсынып, олардың жобалары бүгінде Атырау облысының 30 мыңнан астам тұрғынына пайдасын тигізуде.

Бағдарламаға айтарлықтай қолдауды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы көрсетіп келеді. Палата өңірдегі аудан кәсіпкерлеріне кеңес беріп, биыл ақпан айында Қормен бірлесіп, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау шараларына арналған адами капиталды дамыту салалық кеңесінің отырысын өткізді.

Форум аясында мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен панельдік сессия ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жобаларды қолдау тетіктері, олардың тұрақтылығы және ауқымын кеңейту жолдары талқыланды.

Форумда Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев, «Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шағын комитеттің төрағасы Александр Соболев және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Шолпан-Сәуле Мұратбек сөз сөйледі.

«Атырау облысының тәжірибесі жүйелі қолдау мен әріптестік шынайы нәтиже беретінін көрсетіп отыр. «Жарқыра» бағдарламасы – әлеуметтік бизнестер үшін орнықты экожүйе қалыптастыруға болатындығының айқын мысалы», - деді Александр Соболев.

Форум соңында қатысушылар әлеуметтік кәсіпорындарға барып, бағдарламаның идеяларының практикада қалай жүзеге асатынын және олардың жергілікті қауымдастықтарды дамытуға қосып жатқан үлесін өз көздерімен көрді.

Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл мемлекет, бизнес пен қоғам күштерін маңызды әлеуметтік мақсаттарға біріктіретін институт. Осы тұрғыда «Атамекен» ҰКП және оның өңірлік филиалдары әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру үшін барлық мүдделі тараптармен диалог пен әріптестікке ашық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер