astana-view

Қарағанды кәсіпкерлерін өндірістік бақылауды күшейтуге шақырды

2025 жылғы 04 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
422 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдерімен өндірістік бақылауды ұйымдастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Департаменттің бас маманы Нияз Алсейтов бұзушылықтардың алдын алуда өндірістік бақылаудың маңызды рөлін атап өтті.

«Өндірістік бақылаудың басты мақсаты – өнімдер мен қызметтердің, сондай-ақ еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір кәсіпорын іс-шаралар бағдарламасын жасап, зертханалық зерттеулер жүргізіп, тәуекел факторларын жүйелі түрде қадағалауға тиіс. Уақтылы есеп беру жоспардан тыс тексерулерден сақтайды», – деді Нияз Алымұлы.

Басқарма деректеріне сүйенсек, биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша тек 34% кәсіпорын ғана есеп тапсырған.

«Бұл алаңдатарлық көрсеткіш. Қалған нысандар талаптарды бұза отырып жұмыс істеп отыр. Есептер тапсырылмаған жағдайда кәсіпорындар тексеру жоспарына енгізілуі мүмкін», – деп атап өтті департамент өкілі.

Кәсіпкерлер компания басшылары жаңа талаптар туралы уақтылы хабардар болуы үшін ақпараттық қолдауды күшейтуді ұсынды.

«Біз есеп тапсыру мерзімдері мен заңнамадағы өзгерістер туралы басшыларға ескертулер жолдауға дайынбыз. Бұл тәуекелдерді азайтып, бизнес пен бақылаушы органдар арасындағы диалогты барынша ашық етеді», – деді Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Азамат Даненбаев.

Кездесу ашық талқылау форматында өтіп, онда кәсіпкерлерге санитариялық ережелердегі жаңашылдықтар, зертханалық зерттеулер кестесі және өндірістік бақылауды құжаттандыру тәртібі бойынша түсіндірме берілді.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер