«Атамекен» ҰКП және сметашылар құрылыстағы баға лабиринтінен шығу жолын іздеуде
10 қыркүйек күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Қазақстан сметашылар одағының және «Атамекен» ҰКП қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында құрылыс саласындағы баға белгілеудің ашық еместігі, инфляцияға ілеспейтін сметалық құжаттама ережелері, сондай-ақ құрылыс қызметін реттейтін нормативтік-техникалық актілердің жиі өзгеруі сияқты мәселелер талқыланды. Бұл проблемалар смета саласының мамандарын едәуір алаңдатып отыр.
Қазақстан сметашылар одағының президенті Татьяна Пяртель құрылыс саласындағы сметашылардың рөлін арттыру және баға белгілеу жүйесін жаңғырту қажеттілігін атап өтті:
«Құрылыс саласында сметашының рөлін күшейту үшін кәсіби стандарттарды енгізіп, қайтадан сертификаттауды қалпына келтіру қажет. Қазақстандағы қолданыстағы баға белгілеу жүйесі ескірген нормаларға негізделген әрі ретсіз өзгерістерге ұшырайды, бұл салаға үлкен қиындықтар туғызуда. Біз заманауи, енгізер алдында сынақтан өткен нормативтік базаны құруға шақырамыз. Осы бастаманың аясында Одақ ATLAS платформасын әзірлеу жұмысын бастады, ол мамандардың жұмысын жеңілдетіп, саланы жаңғыртуға бағытталған», – деді ол.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Данияр Молкенов Палата кәсіби қауымдастықты қолдауға дайын екенін айтты:
«Атамекен» сметашы мамандарға жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығының бірлескен күш-жігері арқылы саладағы қордаланған мәселелерді шешудің тиімді шаралары қабылданатынына сенімдіміз», – деді ол.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Құрылыстағы сметалық нормалар басқармасының басшысы Асель Нұрахметованың пікірінше, құрылыс саласының қарқынды дамуы мен баға белгілеудегі ашықтық талаптарының күшеюі жағдайында сметашылардың біліктілігін арттыру ерекше маңызға ие.
«Сертификаттау сметашылардың кәсіби өсу құралына айналады. Ол үздіксіз білім жаңартуды, заманауи нормалар мен цифрландыру талаптарына сәйкестікті қамтамасыз етеді. Бүгінде сметашылардың алдында жаңа сын-қатерлер тұр: құрылыс көлемінің өсуі, заманауи бағдарламалық кешендерді қолдану қажеттілігі және өзгермелі нормативтер жағдайында жұмыс істеу. Сертификаттау бірыңғай стандарттарды бекітіп, мамандықты жаңа деңгейге көтереді», – деді Нұрахметова.
Дөңгелек үстелге қатысушылар құрылыс саласында баға белгілеу мен нормативтік базаны жетілдіру бойынша заманауи экономикалық жағдайларды ескере отырып ұсыныстар әзірлеу және өзара ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: