astana-view

Мектеп асханаларына кіру – тек заң аясында: Ассоциация тамақтануды өз бетімен тексеруді тоқтатуды талап етті

2025 жылғы 08 Қазан
- Атырау облысы
215 просмотров

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында Республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану ассоциациясы мектеп асханаларында заңсыз және бақылаусыз жүргізілетін «тексерулерді» шектеу туралы бастама көтерді.

Ассоциация вице-президенті Марина Лаптеваның айтуынша, өңірлерде блогерлер, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері мектептердің ас блогына өз бетінше кіріп, бұл әрекеттерін мониторинг ретінде көрсетіп, іс жүзінде рұқсат етілмеген тексерулер жүргізіп жүрген жағдайлар жиілеп кеткен.

«Бүгінде кәсіпкерлер лауазымды тұлғалардан да, қоғамдық бірлестіктерден де өкілеттілігін асыра пайдалану жағдайларымен жиі ұшырасып отыр. Мұндай әрекеттер заңға қайшы келеді және мектептегі тамақтандыру қызметкерлеріне тұрақты қысым жасайды. Адамдар кез келген сәтте суретке түсіріліп, әлеуметтік желіге жарияланып, жағымсыз жағдайда қаламыз ба деп қорқады», – деді Марина Лаптева.

Ассоциация өкілі атап өткендей, мектептегі тамақтану – ең ашық және қатаң реттелетін салалардың бірі.

Бақылау жүйесіне мыналар кіреді:
* тағам сапасын медицина қызметкерінің күнделікті тексеруі;
* мектеп директоры, ата-аналар, медицина қызметкерлері кіретін бракераж комиссияларының тұрақты жұмысы;
* санитарлық қызметтің тексерістері;
* ведомствоаралық сарапшылар топтарының жұмысы;
* 2025 жылғы қаңтардан бастап – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының ескертусіз жоспардан тыс тексеру жүргізу мүмкіндігі.

Алайда соңғы уақытта кейбір партиялық ұйымдардың өкілдері, блогерлер мен белсенділер мектеп мекемелеріне, тіпті ас блогына рұқсатсыз кіріп жүрген жағдайлар кездесіп отыр. Бұл – заңға тікелей қайшы.

«Заң бойынша тамақ жеткізушілердің қызметін кім және қандай тәртіппен тексере алатыны нақты белгіленген. Қалған барлық тексерістер – заңсыз. Біз мұндай жағдайлар бойынша алғашқы сот шешімдерін де алдық. Соның бірі – қоғамдық кеңестің бір төрағасына қатысты», – деді Марина Лаптева.

Ассоциация заңды бақылау түрлерін қолдауға дайын екенін мәлімдеп, тексерістер тек уәкілетті органдармен және заң шеңберінде жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты. Әйтпесе, тек бизнес қана емес, мектеп асханаларында жұмыс істейтін аспазшылар, техникалық персонал мен медицина қызметкерлерінің абыройы мен кәсібінің беделі де зардап шегеді.

Атырау облыстық білім басқармасы бөлімінің басшысы Дулат Хамзин Білім министрлігі өңірлерге қатаң нұсқау жібергенін жеткізді: кез келген комиссия мүшелері тек асханаларда бола алады, ас блогына кіруге тыйым салынған.

Кеңес төрағасы Алибек Семғалиев кәсіпкерлердің құқықтарын шектеу жағдайларын жол беруге болмайтынын айтып, прокуратура өкілдерін бұл іске араласып, өңірде мұндай жағдайлардың алдын алуға шақырды.

Атырау қаласы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Мирас Бауыржанов түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, мүдделі ұйымдарға тиісті хаттар жіберуге және басқа өңірлердегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тәжірибесін зерделеуге дайын екенін білдірді.

«Егер бұл медиа қысым мен хайп толқынын тоқтатпасақ, ертең мектеп асханаларында жұмыс істейтін адам қалмайды. Біз барлық тараптарды заң шеңберінен шықпауға және балаларымыздың қауіпсіз тамағын қамтамасыз етіп жүрген адамдардың еңбегіне құрметпен қарауға шақырамыз», – деді Марина Лаптева.

Отырыс қорытындысында Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, ҚР Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша хатшылығының меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев бұл мәселені шешу үшін Кеңес тарапынан «Атамекен» ҰКП-ның орталық аппараты арқылы тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданатынын айтты.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер