Қымбатшылық, техника тапшылығы және шаруалар құқығының бұзылуы: «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасының тиімділігі төмендеуде
2025 жылдың 27 қарашасында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен «Атамекен» ҰКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасына жылдық 5% мөлшерлемемен жеті жылға жеңілдетілген несие беру бағдарламасын жүзеге асыра бастады.
Бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне заманауи техниканы қолжетімді етуге және ауыл шаруашылығын жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жаппай өтініш бере бастаған сәттен-ақ жеткізушілер ауыл шаруашылығы техникасының бағасын бір мезетте өсіре бастады. 2024 жылы шығарылған техниканы қоса алғанда, тракторлардың құны соңғы алты айда 26,1%-дан 26,5%-ға дейін қымбаттады», – деп атап өтті Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің «Qar-Agro Qoldau» қауымдастығының өкілі Б. Жумкин.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ мен техника жеткізушілер лизинг алушылардың таңдау құқығын шектеп, нақты өндірушілер мен техника үлгілерін мәжбүрлеп ұсынуда.
Кеңес мүшелері бұл әрекеттер тұтынушылардың құқығын қорғау туралы және қаржылық лизинг туралы заңнамаға қайшы келетінін атап өтті, себебі олар кәсіпкерлердің өндірістік міндеттері мен бастамаларын жүзеге асыру үшін қажетті техниканы өз бетінше таңдау мүмкіндігін шектейді.
Бұдан бөлек, биылғы көктем мен жаз айларында «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарында өтінім қабылдау барысында рәсімдік мерзімдер бірнеше рет кешіктірілген болып шықты. Атап айтқанда, қағаз түрінде тапсырылған өтінімдердің тіркелген күндерінің қойылмауы салдарынан лизингтік өтінімдерді қарау және шешім қабылдау мерзімдері созылған.
Аталған мәселелер өндіруші зауыттардың техниканы кеш шеткізуімен ушыға түсті. Соның салдарынан көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сатып алынған тракторлар мен жемшөп дайындайтын техниканы қажетті маусымда уақтылы пайдалана алмай, өндірістік үдерістер мен астық жинау науқанына айтарлықтай залал келтірілді.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің айтуынша, жеткізушілер техниканың кепілдік мерзімінде сервистік қызмет көрсету мен жөндеу құнын да негізсіз қымбаттатқан.
Мұндай баға саясаты өндіріс сатысынан бастап түпкі тұтынушыға жеткізуге дейінгі кезеңдерде техника мен қызметтердің құнын қалыптастыруда «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Бағаны қалыптастыруға жүйелі мониторингтің жоқтығы, сатып алу-сату мәмілелерін талдаудың және лизингтік келісімдерді жасасу кезіндегі нарықтық жағдайлардың ескерілмеуі бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік ресурстардың тиімсіз пайдаланылуына әкелді.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жеткізушілермен жасасқан келісімшарттары баға тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады әрі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында сұраныс артқан уақытта «Беларус» тракторларының қымбаттауына тосқауыл бола алмады. Аталмыш үлгідегі тракторлар құнының жарты жылда күрт өсуі жинақтаушы зауыттар мен олардың дилерлерінің монополиялық жағдайымен түсіндіріледі, өйткені оларға жеңілдетілген лизинг бағдарламасына қатысу бойынша эксклюзивті құқық берілген.
«Мұндай жағдай техниканың қолжетімділігін арттыруды және аграршылардың шығындарын азайтуды көздейтін бағдарламаның негізгі мақсаттарына қайшы келеді», – деп атап өтті К. Сүлейменов.
.jpg)
Кәсіпкерлік қауымдастықтың пікірінше, аграрлық секторды мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімсіз пайдаланудың басты себептерінің бірі – «Made in Kazakhstan», «Preferential Leasing 6%» және «Preferential Leasing 5%» бағдарламаларын жалғыз өзі жүзеге асыратын «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның монополиялық жағдайы.
Лизинг операторлары арасындағы бәсекенің болмауы шаруалардың таңдау мүмкіндігін шектеп, шарттардың ашықтығын төмендетуге және техниканың қымбаттауына әкеледі. Мемлекеттік бағдарламаларға жеке лизинг компанияларын тарту қолдану ауқымын кеңейтіп, тиімділікті арттыруға әрі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне әртүрлі қаржы операторлары арасынан таңдау жасауға мүмкіндік берер еді.
Кеңес барысында атап өтілгендей, 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасында лизинг нарығындағы мемлекет үлесін кезең-кезеңімен қысқарту және жеке лизингтік компанияларды дамыту көзделген. Бұл шаралар бәсекелі орта қалыптастыруға және қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етуге тиіс.
Алайда бағдарламалардың қазіргідей жалғыз мемлекеттік оператор арқылы іске асырылуы қойылған мақсаттарға қайшы келіп, нарықтық тетіктердің дамуын тежеуде.
Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылдың 23 желтоқсанындағы №410 бұйрығы күшіне енгеннен кейін аграршылар үшін қосымша қиындықтар пайда болды. Енді өздігінен жүретін техниканы бастапқы тіркеу кезінде электрондық паспорт талап етіледі. 1 қыркүйектен бастап лизинг алушылардың көбі электрондық паспорттардың жоқтығынан жаңа тракторларын тіркей алмай отыр. Салдарынан техника бос тұр, ал фермерлер оны ресми түрде пайдалана алмайды.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі қалыптасқан ұйымдастырушылық және құқықтық қайшылықтар еш кінәсіз шаруалардың лизинг шарттары бойынша міндеттемелерінің жаппай бұзылуына әкеліп, олардың айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеуге мәжбүр болуы мүмкін екенін ескертеді.
«Осылайша, жіберілген қателіктер мен Мемлекет басшысының кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасын қолжетімді ету жөніндегі тапсырмасын орындауда басымдықтардың дұрыс анықталмауы техника құнының едәуір өсуіне алып келді», – деп қорытындылады К. Сүлейменов.

Кеңес ұсыныстары
Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне техникаға, оның ішінде кепілдік қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына «бекітілген баға» тетігін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік жеңілдетілген лизинг бағдарламаларын іске асыруға жеке лизингтік компанияларды тарту арқылы лизинг нарығындағы мемлекеттік үлесті кезең-кезеңмен азайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне «5%-дық жеңілдетілген лизинг» бағдарламасын іске асыру кезіндегі бәсекелестік ортаның жай-күйіне талдау жүргізу ұсынылды.
Кеңес отырысының ұсынымдары мен материалдары Президент Әкімшілігіне және Үкімет Аппаратына жолданатын болады.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: