astana-view

Бюрократия мен қаржыландыру тапшылығы: «Атамекен» бизнес ахуалының нашарлауына себеп болып отырған негізгі кедергілерді атады

2025 жылғы 28 Қараша
214 просмотров

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов мәлімдеді.

Спикер журналистерге осы жылдың III тоқсаны нәтижелері бойынша жасалған «Іскерлік ахуал» рейтингін таныстырып, реттеуші саясатты жетілдіру және бизнес мәселелерін шешу бағытындағы негізгі жұмыс бағыттарын атап өтті.

«Тоқсан сайын онлайн-форматта өткізіліп, барлық өңірлерден 4,3 мыңнан астам ШОБ субъектілерін қамтитын бұл рейтингтің деректері – Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және әкімдіктерге басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жолданатын маңызды кері байланыс құралы», – деді Тимур Жаркенов.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына сәйкес жүргізілетін 2025 жылдың III тоқсанындағы сауалнама төмендегі үрдістерді анықтады.

Біріншіден, шағын бизнес проблемалары. Негізгі кедергілер – жеңілдетілген қаржыландырудың шектеулі көлемі (II тоқсандағы 23,5%-дан III тоқсанда 27,1%-ға өскен) және шамадан тыс бюрократия (21,4%-дан 22,2%-ға өскен).

Шағын кәсіпорындардың басым бөлігі (35,4%) бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр, алайда жаңа кәсіп ашуға деген қызығушылық (10,1%) және мемлекеттік қолдауға жүгіну деңгейі (18,8%) төмендеп келеді.

Қызметкерлерді қысқартуды немесе бизнесті жабуды жоспарлап отырғандардың үлесі 6,2%-ға өсуі алаңдаушылық тудырып отыр.

Орта бизнес үшін басты мәселелер – салық жүктемесінің жоғары болуы (28,1%) және кадр тапшылығы (16,2%). Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмысының тұрақсыздығы атап өтілді.

Спикердің айтуынша, «Атамекен» ҰКП Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, реттеу жүйесін кең ауқымда қайта саралап шықты. Нәтижесінде 10 мыңнан астам талап (жалпы көлемнің 8%-ы) қайта қаралып, «таза парақтан» қағидаттарына сәйкес келмейді деп танылды. Бұл нәтижелер 2025 жылдың 6 сәуірінде қабылданған заңнамадағы тоғызыншы түзетулер пакетінің негізіне алынды.

«Жұмыстың әрі қарай тиімді жалғасуына қажетті іргетас қаланды. Бұған дейін басталған жұмысты Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауына сәйкес, бизнес-қауымдастықтың, соның ішінде «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен ЖИ қолдану арқылы заңнаманы терең қайта қарай отырып жалғастыру қажет. Бұл – реттеуші ортаны шын мәнінде жеңілдететін негізгі тетіктердің бірі», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

Жүйелілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін реттеуші әсерді талдаудың (РӘТ) автоматтандырылған жүйесіне, сондай-ақ оны мемлекеттік ақпараттық жүйелермен толық интеграциялауға көшу аса маңызды.

Толық автоматтандыру, ҰКП пікірінше, рәсімдерді стандарттауға, ашықтықты қамтамасыз етуге және жобалардың өтуін жеделдетуге мүмкіндік береді, осылайша сараптамалық бағаларға сүйенген «қолмен» жасалатын процесті алмастырады.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП бизнестің өзекті мәселелерін тіркеп, бақылап және шешуге мүмкіндік беретін бірыңғай электронды база – Проблемалар тізілімі арқылы кедергілерді жою жұмысын жалғастыруда.

2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша республикалық тізілімде 1127 мәселе тіркелген, олардың 79%-ы (892 сұрақ) шешілді.

Кедергілер әлі де сақталған негізгі салалар:

- Ауыл шаруашылығы және АӨК – 46 мәселе

- Білім және салық саласы – әрқайсысы бойынша 25 мәселе

- Құрылыс және жер қатынастары – 20 мәселе.

Өңірлік тізілімде 999 сұрақтың 889-ы (89%) шешілген. Проблемалар тізілімі – ашықтықты қамтамасыз ететін, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыратын және кедергілерді жоюға бағытталған жұмысты жүйелеуге мүмкіндік беретін негізгі құрал.

Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Тимур Жаркенов қазір әрекет етіп отырған бизнес дамуға дайын болғанымен, жаңа кәсіпорындар ашу үрдісінің төмендеп кеткенін, яғни жаңа бизнес ашуға ниет жоқ екенін атап өтті.

«Экономикалық ортада өте көп өзгерістер бар, адамдар жаңа бизнес бастауға қорқып қалды. Менің ойымша, біз салық салу жүйесін тұрақтандырып, бизнес болашақтағы салықтық жағдайды нақты түсінген кезде – келесі кезеңде бұл белсенділік артады деп үміттенемін», – деп түйіндеді спикер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер