astana-view

Қызылордада өңір тауарөндірушілері каталогының тұсауы кесілді

2025 жылғы 18 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
878 просмотров

18 желтоқсан күні «Ақ отау» мейрамханасында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өңір тауарөндірушілері каталогының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған шараға аймақ кәсіпкерлері, каталогтың жарыққа шығуына үлес қосқан серіктес компаниялар, мемлекеттік орган және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бүгінде отандық бизнесті жетілдіру, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заман талабына сай дамыту – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы жолда табысты еңбек етіп, өңіріміздің брендіне айналған тауарөндірушілердің жұмысын бір арнаға тоғыстырған каталогтың лентасын қию мәртебесі Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимовқа, «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлеповке және облыстық «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмишаға бұйырды.

Салтанатты рәсім барысында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Рахымбек Зейнуллин қонақтарды жаңадан жарық көрген тауарөндірушілер каталогымен таныстырды.
Аталмыш басылымға қазіргі таңда 250-ге жуық жергілікті тауарөндіруші енгізілген. Каталог қаламыздың адам көп шоғырланатын орындарында орналастырылып, алдағы уақытта ондағы кәсіпкерлер саны кезең-кезеңімен толықтырылып отырады деп жоспарлануда.
Жиын барысында каталогтың жарық көруіне қолдау көрсетіп, жергілікті өнімді қолдаған «Еуразиялық банк» АҚ, «Береке банк» АҚ және «БанкЦентрКредит» АҚ өкілдері марапат төрінен көрінді.

Өңірлік тауарөндірушілер каталогы ішкі туризмді дамыту мақсатында «Қорқыт ата» халықаралық әуежайында, Қызылорда теміржол вокзалында, Жастар ресурстық орталығында, облыстық тарихи-өлкетану музейінде және «Анаға тағзым» орталығында орналастырылатын болады. Аталған мекеме өкілдері және облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Каюпов осы ретте сөз сөйлеп, каталог жұмысына табыс тіледі.

Сонымен қатар, салтанатты жиында жуырда Астана қаласында ҚР «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығының иегері — «Марал-Нұр» ЖШС басшысы Мұрат Нурсаитов пен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» байқауының жеңімпазы, «Қазақстанның үздік отандық тауар өндірушісі» номинациясының иегері - «Асыл дән LTD» ЖШС басшысы Нұрлан Алдамжаров көпшілік алдында сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Шара аясында кәсіпкерлер палатасының тарихына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген қатысушыларға жергілікті тауарөндірушілердің өнімдері сыйға тарту етілді. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер