astana-view

2026 жылдан бастап салық режимдерінде қандай өзгерістер күшіне енді?

2026 жылғы 05 Қаңтар
2220 просмотров

Бүгінде бизнес не нәрсеге назар аударуы қажет – толығырақ материалда.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлер үшін маңызды өзгерістер күшіне енді. Жеңілдетілген салық режимін сақтап қалу үшін шешімді уақтылы қабылдау қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР келесі талаптарға сай келетін жеке тұлғаларға арналған:

- Жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмегендер;

- Жалдамалы қызметкерлерсіз, өз бетінше жұмыс істейтіндер;

- Тек рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатындар (барлығы 40 қызмет түрі, оның ішінде такси, жеткізу, курьерлік және шаштараз қызметтері бар).

Қалай ауысуға болады (жұмыс істеп тұрған ЖК үшін):

Егер сіз 2025 жылы патентті немесе мобильді қосымшаны пайдаланған болсаңыз, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 28 ақпаны аралығында ЖК ретінде есептен шығуыңыз қажет.

Егер 2026 жылдың 1 наурызына дейін ЖК жабылмаса немесе басқа салық режимі таңдалмаса, салық органы сізді ЖК ретінде автоматты түрде есептен шығарады (өткен мерзіммен – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап).

Режим мобильді қосымша арқылы алғашқы чек берілген айдан бастап белсенді болып есептеледі.

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР («оңайлатылған режим»)

Бұл режимге барлық салық төлеушілер, оның ішінде 2025 жылы мына режимдерді пайдаланғандар ауыса алады:

- Оңайлатылған декларацияны, тіркелген шегерімді немесе бөлшек салықты қолданғандар;

- Жалпыға бірдей белгіленген режимді (ЖБР) қолданғандар, егер «оңайлатылған» режим талаптарына сәйкес келетін болса.

Қалай ауысуға болады:

2026 жылдың 1 қаңтары мен 28 ақпаны аралығында режимді таңдау туралы хабарлама жіберіп, 2-бөлімде «Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ға ауысу» тармағын белгілеу қажет. Бұл жағдайда режим 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.

Назар аударыңыз: ЖБР-ге автоматты ауысу қаупі бар

Егер 2025 жылы арнаулы салық режимдерін (оңайлатылған декларация, тіркелген шегерім немесе бөлшек салық) қолданған кәсіпкерлер ақпанның соңына дейін хабарлама тапсырмаса, 2026 жылдың 1 наурызынан бастап салық органдары оларды автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге (ЖБР) ауыстырады.

Сонымен қатар, өзгерістер өткен мерзіммен – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Тиімсіз шарттарға автоматты түрде ауысып кетпеу үшін салық режимін алдын ала таңдағаныңыз абзал.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер