astana-view

«Атамекен» ҰКП-да тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі талқыланды

2026 жылғы 19 Қаңтар
1729 просмотров

Отырыста Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы қайта сайланды

Ішкі нарықты қорғау және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сала үшін ең өзекті әрі жүйелі мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл туралы жуырда өткен «Атамекен» ҰКП-дағы отырыста Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы Ерік Балапанов мәлімдеді.

«Нарықта талаптарға сай келмейтін өнімдердің айналымда жүргені туралы деректер әлі де тіркелуде. Сонымен қатар, сұр импорт адал өндірушілер үшін әділетсіз бәсекелестік тудырып, тұтынушылардың қауіпсіздігіне қатер келтіріп отыр», – деді ол.

«Атамекен» ҰКП АӨК және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурзбековтің айтуынша, тауық жұмыртқасын импорттауға енгізілген тыйым ішкі нарықты қорғаудың табысты әрі нақты мысалы болды. Ол демпинг фактілеріне назар аударды.

«Еліміздегі жалғыз ашытқы өндіруші – «Алматы ашытқы зауыты» АҚ демпингтік импорттың және жеткізудің сұр схемаларының өсуіне байланысты сату көлемін 50 пайызға қысқартуға мәжбүр болды», – деп атап өтті ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Айгерім Садубаева уәкілетті органдар тарапынан азық-түлік өнімдерінің сапасына жүйелі бақылау жүргізіліп жатқанын хабарлады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1,8 мың шектеу шарасы енгізіліп, айналымнан 36,8 млн теңгенің өнімі алынды.

«Бақылау тұрақты негізде жалғасуда», – деді ол.

«Қазақстанның май одағы» қауымдастығының басшысы Константин Невзоров техникалық регламенттерді сақтау мәселесін жалғастырды.

«Май өнімдеріне қатысты техникалық регламент бекітілгеніне қарамастан, нарықта талаптарға сай келмейтін өнімдер әлі де бар. Бұл олардың айналымына бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді», – деді ол.

Кондитерлік өнімдер нарығындағы проблемалар туралы ҚР Кондитерлер қауымдастығының өкілі Талғатбек Алихан баяндады.

Ол техникалық регламент талаптарына сай келмейтін өнімдердің бар екенін, сондай-ақ зертханалардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігін атап өтті. Оның айтуынша, трансмай қышқылдарын (ТЖҚ) анықтауға арналған зертханалық базаның жоқтығы өнім сапасын уақтылы зерттеу мен бақылауды едәуір қиындатып отыр.

Қант өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Абақанова сұр және демпингтік импорттың қант зауыттарының қызметіне кері әсер етіп, бюджетке түсетін салық түсімдерін азайтатынын растады. Сонымен қатар, бұл мәселе түрлі алаңдарда бірнеше рет көтеріліп, талқыланғанын, алайда сала өкілдерінен нақты дәлелдер талап етілетінін айтты. Оның айтуынша, бизнес өкілдерінің импорттық өнім тиелген көліктерді тоқтатуға және тексеруге өкілеттігі жоқ, бұл құқықбұзушылықтарды анықтау мүмкіндігін шектейді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, техникалық регламент талаптарына сай келмейтін өнімдердің әкелінуі мен айналымына қатаң бақылау орнатуға және қазақстандық өндірушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасауға келісті.

Отырыстың соңында Тамақ өнеркәсібі комитетінің мүшелері Ерік Балапановты «Атамекен» ҰКП Тамақ өнеркәсібі комитетінің төрағасы қызметіне алдағы екі жылға бірауыздан қайта сайлады.

Бұл шешім оның аталған қызметтегі нәтижелі жұмысына байланысты қабылданды. Ол Комитетті 2017 жылдан бері басқарып келеді және мол практикалық тәжірибеге ие. Бұл бизнес пен мемлекеттік органдар арасында тиімді диалог орнатып, отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, отырыс аясында «Атамекен» ҰКП Төралқасы Тамақ өнеркәсібі комитетінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралып, бекітілді. Жоспарда саланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру көзделген.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер