astana-view

«Атамекен» ҰКП жоғары білім сапасы бойынша республикалық форумда білім беру бағдарламалары рейтингісінің қорытындысын ұсынды

2026 жылғы 20 Қаңтар
2137 просмотров

2026 жылдың 15-16 қаңтарда Астанада Назарбаев Университетінің алаңында «Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету: жағдайы мен даму перспективалары» атты форум өтті. Іс-шара аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының 2025 жылға арналған білім беру бағдарламалары рейтингісінің қорытындысын таныстырды.

Аталған рейтингті «Атамекен» ҰКП сегізінші жыл қатарынан Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырып келеді. Бүгінде бұл рейтинг экономикалық патриотизм қағидаттарын ілгерілетудің негізгі құралдарының біріне айналды. Адами капиталды дамыту және ұлттық кадрларды қолдау арқылы Қазақстан экономикалық егемендігін нығайтып, жергілікті өндірісті дамыту мен заманауи технологияларды енгізу үшін берік негіз қалыптастыруда.

2025 жылы рейтинг аясында 95 173 түлектің деректері талданып, 100-ден астам сарапшы тартылды және 2031 білім беру бағдарламасы бойынша 117 рейтинг қалыптастырылды. Бағалау төрт негізгі блок бойынша жүргізілді, оның ішінде жартысына жуығы түлектердің мансаптық перспективаларына тиесілі. Бұл көрсеткіштерге жұмысқа орналасу деңгейі, жұмыс іздеу ұзақтығы және медианалық жалақы кірді.

Талдау қорытындысы бойынша түлектердің жалпы жұмысқа орналасу деңгейі 84% болды, ал олардың 68%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Рейтингке қатысқан түлектердің медианалық жалақысы 203 398 теңгеге жетті, бұл сапалы дайындалған мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын және оң динамиканы көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы, ветеринария, инженерлік және жаратылыстану-ғылыми мамандықтардағы жоғары көрсеткіштер қазақстандық өндірістің экономикалық тұрақтылықтың негізі екенін дәлелдейді. Ең жоғары жалақы деңгейі отандық компаниялар ұлттық дарындарға белсенді түрде инвестиция салып отырған тау-кен өндіру және металлургия салаларында тіркелді.

Жұмысқа орналасудың жоғары деңгейі бірқатар өңірде байқалды: Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы – 91%, сондай-ақ Қостанай облысы мен Ұлытау облысы – 90%. Ал, жұмысқа орналасу деңгейі төмен өңірлер қатарына Жамбыл облысы – 74%, Шымкент қаласы – 77% және Қызылорда облысы – 79% жатады.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбеновтің айтуынша, рейтинг жоғары оқу орындары мен бизнес арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.

«Экономикалық патриотизм қағидаттарын ұстанатын бизнес үшін қандай білім беру бағдарламалары сұранысқа ие мамандарды дайындайтынын білу өте маңызды. Жауапты бизнес өзінің табысы қоғамның әл-ауқатымен тікелей байланысты екенін түсінеді, сондықтан ішкі кадрлық әлеуетті дамытуға және отандық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастыққа басымдық береді. Біздің рейтинг – бұл формалды бағалау емес, жоғары оқу орындары үшін кері байланыс құралы. Ол қай бағыттардың мықты екенін және қай жерде практикалық дайындықты, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды және ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне бағдарды күшейту қажет екенін көрсетеді», – деп атап өтті Азамат Бейсенбенов.

Форум барысында ол сондай-ақ білім беру бағдарламалары рейтингі университеттерге оқу мазмұнын жүйелі түрде жаңартуға, практикаға бағытталған форматтарды кеңейтуге және жұмыс берушілерді білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруға тартуға көмектесетінін атап өтті.

Форум ғылыми зерттеулер сапасы, PhD докторларын даярлау, халықаралық аккредиттеу және жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Білім беру жүйесі үшін бұл – жаһандық экономикада бәсекеге қабілетті күшті ішкі нарық қалыптастыру жолы.

«Атамекен» ҰКП рейтингті қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді тетігі ретінде қарастырады. Талдау нәтижелері экономикалық патриотизм құндылықтарын ұстанатын және ұлттық адами капиталды жүйелі дамытуға ұмтылатын компаниялармен одан әрі жұмыс жүргізу барысында пайдаланбақ.

Рейтинг деректерімен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады: Білім беру бағдарламаларының рейтингі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер