Райымбек Баталов: Ұлттық Құрылтай реформалардың орнықтылығын бекітіп, Қазақстан экономикасын дамытудың ұзақмерзімді бағдарларын айқындады
Қызылордада мемлекеттік реформаларды әзірлеу мен іске асырудың негізгі институттарының біріне айналған диалог алаңы – Ұлттық Құрылтайдың V отырысы өтті.
«Бүгінде Құрылтай – жай ғана пікірталас алаңы емес, бұл мемлекеттік саясатты стратегиялық тұрғыда реттейтін, ел дамуының мақсаттарын, мемлекет, бизнес және қоғамның рөлі жөнінде ортақ түсінік қалыптастыратын маңызды нүкте», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов отырыс қорытындысы бойынша берген пікірінде.
«Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзі ең бастыны – Қазақстандағы реформалар орнықты әрі қайтымсыз сипатқа ие болғанын айқындады. Біз жекелеген, бытыраңқы шешімдердің жиынтығын емес, жауапкершілікке, әділдікке және жасампаз еңбекке негізделген ел дамуының тұтас стратегиясын көріп отырмыз. Бизнес үшін бұл – болжамды орта мен айқын ұзақмерзімді бағдарлар деген сөз», – деп атап өтті «Атамекен» басшысы.
Өсім экономикасы және кәсіпкерліктің рөлі
.jpeg)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге егжей-тегжейлі тоқталды. Экономиканың 6,5% деңгейіндегі өсімі, ЖІӨ көлемінің 300 млрд АҚШ долларынан асуы, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің рекордтық көрсеткіші, Орталық Азиядағы көшбасшылық, алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің артуы – мұның бәрі таңдалған бағыттың нақты нәтиже беріп жатқанын айғақтайды. Әсіресе, ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40%-ға жақындауы – маңызды көрсеткіш. Бұл кәсіпкерліктің орнықты дамудың, жұмыспен қамтылудың және әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі екенін растайды.
«Дәл осы тұрғыда Ұлттық Құрылтай бизнес-қоғамдастық үшін ерекше мәнге ие, себебі бұл алаңда мемлекеттің макроэкономикалық мақсаттары кәсіпкерлер үшін түсінікті ережелер мен тетіктерге айналады», – деп атап өтті Баталов.
«Адал азамат» және адалдық экономикасы
Президент ««Толық адам» идеясымен үндесетін «Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілетуге ерекше назар аударды. Бұл – абстрактілі философия емес, адал еңбек, Заңды құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілік басты дамудың басты шартына айналатын заманауи экономиканың құндылықты іргетасы.
«Бизнес үшін бұл – кәсіпкерліктің жаңа мәдениетіне көшу деген сөз. Мұнда адалдық, ашықтық пен жауапкершілік бәсекелестіктегі негізгі артықшылықтарға айналады. Дәл осы қағидаттар тұрақты экономиканың және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы сенімнің негізінде жатыр», – деді ҰКП басшысы.
Құрылтайдың III және IV отырыстарында берілген осы тапсырмаларды дамыту аясында «Атамекен» ҰКП «адалдық экономикасын» қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мұнда кәсіпкердің адалдығы бәсекелестіктегі негізгі артықшылық болып саналады, ал салық реформасы ашықтық пен тең жағдай қағидаттарымен бірге жүреді. Сондай-ақ, Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызын атап өтіп, тазалық пен тәртіп адамның ішкі мәдениетінен және қоршаған ортаға деген жауапкершіліктен басталатынын айтты. Бұл іскерлік ортаға, инвестициялық тартымдылыққа және өңірлердің дамуына тікелей байланысты.
.jpeg)
Салық реформасы – қысым емес, диалог
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі болды. Президент шешімдерді мәжбүрлі түрде таңу емес, кәсіпкерлер мен азаматтардың пікірін ескеруге және диалогқа негізделген «қақтығыссыз фискалдық транзит» философиясын айқындап берді. «Атамекен» ҰКП Кодексті әзірлеуге белсенді атсалысып, түйткілді мәселелерді мемлекеттік органдармен талқылауды жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіліп, есептілік қысқартылды.
«Біз үшін салық саясаты бизнестің дамуын ынталандырып, қазіргі экономикалық шындықтарға сай болуы аса маңызды. Біз мүдделер теңгерімін және фискалдық жүйенің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлермен бірлескен жұмысты жалғастырамыз», – деп атап өтті Баталов.

Еңбек адамы және кадр даярлау
Президенттің еңбек адамының беделін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Атамекен» ҰКП техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дәйекті түрде реформалап келеді. 9,5 мыңнан астам кәсіпорынды қамтыған дуальды оқытуды автоматтандыру, «Жұмыс орнындағы тәлімгер» кәсіби стандартының енгізілуі және біліктілікті тану орталықтары желісінің дамуы бизнеске елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Бұл еңбек нарығы, білім беру жүйесі және экономиканың нақты секторы арасындағы берік байланысты қалыптастырады.
Цифрландыру және жасанды интеллект – ұраннан нақты нәтижеге
Президент цифрландыру мен жасанды интеллект стратегиялық міндет екенін және нақты нәтиже талап етілетінін атап өтті. «Атамекен» ҰКП цифрландыруды бизнесті іс жүзінде қолдау құралы ретінде қарастырады.
«Бизнестің цифрлық картасының» іске қосылуы кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін жеңілдетеді, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және AI-құралдармен интеграция әкімшілендірудің ашықтығын арттырып, бюрократияны қысқартады. Ал, «Алтын сапа» ұлттық сыйлығының құрылымына «Цифрлық дамудың үздік жобасы» номинациясының енгізілуі нақты секторда ЖИ мен инновацияларды енгізудің басымдығын бекітеді.

Өңірлік даму және ұлттық бизнесті қорғау
Құрылтайда өңірлерді дамыту мен отандық өндірушілерді қорғауға ерекше назар аударылды. «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып отырған «Іскер Аймақ» бағдарламасы алдыңғы Құрылтайлардың тапсырмалары аясында іске асырылып, шекаралық әрі ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, шағын және микробизнесті қолдауға, өңірлердің нақты өндірістік әлеуетін талдау және бизнес-қоғамдастықтың бағалауы негізінде өңірлік мамандануды қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыс орындарын ең қажетті жерлерде құруға мүмкіндік береді.
«Прагматикалық тәсіл, ұлттық мүддені қорғау және отандық бизнесті қолдау – бәсекеге қабілетті экономиканың негізі. Интеграция жаңа тәуекелдерді туындатудың орнына нақты даму үшін қызмет етуге тиіс», – деп атап өтті Баталов.
Ұлттық Құрылтайдың V отырысындағы талқылаулар реформалардың сабақтастығы мен нәтижелілігін растады. «Атамекен» ҰКП заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және табысты шешімдерді өңірлерде ауқымдау бойынша жұмысты жалғастыруда.
«Палата мемлекеттің стратегиялық шешімдері мен нақты экономиканың арасындағы сенімді көпір болып қала береді. Ол Ұлттық Құрылтай идеяларын Қазақстанның орнықты дамуы мен өркендеуіне арналған нақты құралдарға айналдырады», – деп түйіндеді Райымбек Баталов.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: