astana-view

Қазақстандық аграрлық секторға жәрдемдесу

2014 жылғы 02 Маусым
4907 просмотров

ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Жамбыл облысының кәсіпкерлерімен кездесуде елдегі агроөнеркәсіп кешенінің маңыздылығын атап өтті. Тимур Құлыбаев бірқатар себептерге байланысты мүмкіндігі толығымен қолданылмай отырған еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде Жамбыл облысында экономика мен ауыл шаруашылықты дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет екендігін атап өтті.

Фермерлер мен шаруа қожалығы кооперативтері ауыл шаруашылығындағы жағдайды жақсарта алады. Әртүрлі елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, аграрлық өндірістің дамуы қуатты шаруашылық бірлесіктер негізінде жүзеге асырылады.

«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы көбінесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған шаруа деңгейінде. Бұл саланы дамыту үшін ауылды аймақтарда кластерлер қалыптастыру қажет. Ол үшін сапалы талдау жүргізіп, аграрлық сектордың қажеттілігін анықтау және өңірге қажетті агрономдар, мал өсірушілер, мал дәрігерлері сынды жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету қажет. Ұсақ фермерліктер мен шаруа қожалықтарын біріктіру керек, өйткені ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін біріктірілген агрокәсіпорындар анықтайды. Сондай-ақ негізгі қаржыландыруды осы бірлестіктердің дамуына бағыттау керек», - деді Тимур Құлыбаев.

Кездесуде атап өтілгендей, мұндай шаралар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мүмкіндіктерін күшейтуге, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесетін болады. Сонымен қоса, бұл шаралар өңірлерде жұмыспен қамтылуды арттыруға және экономиканың өркендеуіне жағдай жасайды.

Жекелеген аймақтарды дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов  басым бөлігі бизнес-қоғамдастық өкілдерінен құрылған өңірлік кеңестердің рөлін ерекше атап өтті.

«Үкімет тек ұлттық кластерді қалыптастыратын ірі жобалармен айналысатыны жайлы түбегейлі шешім қабылданды. Индустрияландырудың өңірлік картасының мәселесі өңірлерге берілетін болады. Сондықтан жергіліктер жерлерде  Кәсіпкерлер палатасына үлкен жауапкершілік жүктелетін болады. Бұл жерде қандай бағытты дамыту, қолдау көрсетудің қандай инструменттерін, қандай кластерлерді қолдануда бизнестің пікірі ескерілетін болады», - деді Абылай Мырзахметов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер