astana-view

Депутаттар кәсіпкерлерді салықтан босатуды ұсынды

2014 жылғы 26 Маусым
4594 просмотров

Кәсіпкерлерді салықтан босату қажет. Бүгін мәжіліс депутаттарынан осындай күтпеген ұсыныс түсті. Айтуларынша бұл алғашқы кезде аяққа тұру үшін аса қажет. Алайда үкімет мүшелері бұған түбегейлі қарсы. Мұның негізсіз екендігін олар дәлелдеп те берді, 7 арна.

Еліміздің шағын және орта бизнес өкілдері ел қазынасына жылына триллион теңгеге жуық қаржы құяды. "Сәйкесінше экономикамызды мұндай орасан табыстан қағу жөнсіз", - дейді қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев. Сондықтан үкімет кәсіпкерлікті қолдаудың басқа жолдарын ұсынып отыр. Яғни бір сөзбен айтқанда, тексерістен айналып өткісі келетіндер тәуелсіз ұйымдарға ақша төлеп, сараптама жасатуына болады.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ӨҢІРЛІК ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Ең алдымен мемлекет тексеру жүйесін бір ізге қою керек. Яғни, жоспарлы тексерістерге тыйым салып, тек қауіпті деген нысандарды қадағалау қажет.

АЗАТ ПЕРУАШЕВ,  ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Тиісті мемлекеттік орган тексермес үшін кәсіпкер басқа тәуелсіз ұйымға ақша төлеп, қатерді бағалауды тәуелсіз жолмен өткізеді. Бұл бізге не үшін керек? Қатерді басқарудың жүйесі бар. Мемлекеттік орган мұны тегін өткізеді. Ал біз тексермес үшін кәсіпкерлерді тағы да ақша төлеуге мәжбүрлеп отырмыз.

Ал Дариға Назарбаева "мемлекет кәсіпкерлерді тым өбектей бермей, көрсетіп жатқан қамқорлығын азайту қажет" деген мәлімдемені қатаң сынға алды. Алайда, айтқысы келген ойын тұспалдап жеткізді.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құрған кезде үлестің 50 пайыздан астамы мемлекетте, 49 пайызға жуығы кәсіпкерде болады. Кейін ол аяққа тұрып мемлекет үлесін сатып алар кезде заңсыздық туындауы мүмкін. Қандай екенін өздеріңіз білесіздер.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, депутаттар елдегі бизнеске қолдау аз деп санайды. Үкімет мүшелері мұнымен келіспейді. Кәсіпкерлерге мемлекет қаржылай көмек, банктерде сақтандыру беріп жатыр дегенді алға тартады. Ал шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бұл заң енді қыркүйекте талқыға салынбақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер