astana-view

Елге жұмыс қолы қажет

2014 жылғы 28 Шілде
4051 просмотров

Отандық кәсіпкерлер жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа алуға неге асықпайды? Жұмысшы мамандықтарға деген жастардың қызығушылығын қалай тудыруға болады? Заңның қандай нормалары білім беру процестеріне, атап айтқанда, дуалды оқытуды енізуге бизнесті тартуға мүмкіндік береді? Кәсіптік-техникалық білім беру туралы заңды қабылдау проблеманы шешуге көмектеседі ме?

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс берушілермен, салалық қауымдастықтар басшыларымен кездесуінің барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында осы және басқа да сауалдар талқыланды.

Гүлшара Әбдіқалықова атап өткендей, Үкімет Ұлттық палатамен бірнеше бағыт бойынша белсенді әріптестікте, олардың бірі – кадрларды даярлау мәселелері. Оның айтуынша, жыл басынан бері бірнеше бірлескен жиналыс өткізілген, олардың қорытындысы бойынша бірқатар нақты шаралар қабылданды.

Гүлшара Әбдіқалықова

«Қыркүйекте парламентке білім берумен байланысты заң жобасы келіп түседі. Бизнесті білім беру процестеріне, атап айтқанда, дуалды оқытуға тартуға жәрдемдесетін жаңа нормалар қабылданатын болады», - деп хабарлады үкімет басының орынбасары.

Оның айтуынша, Ұлттық палата сонымен қатар осы заң жобасын қабылдағанға дейін салалық қауымдастықтардың қатысуымен жасап шығарылуы қажет бірқатар ұсыныстар енгізді.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, бүгінде кәсіпорындар алдында бизнес үшін мамандарды даярлау мәселелері өткір болып тұр. Оның үстіне ол бұл мәселенің Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңда да (13 тарау) жазылып тұрғанын баса айтты. Онда Ұлттық палата елде дуалды оқытуды енгізу мәселелерін алға жылжытуға тиіс делінген.

Нұржан Әлтаев

«Бүгінгі күні мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы әрекеттегі нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізілген, білім және ғылым министрлігі дуалды білім беруді енгізуге әкімшілік кедергі келтіретін 17 НҚА-дан қайшылықтар тапқан. Ведомствоаралық комиссияда түзетулер мақұлданып, келешекте рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі комиссия жұмысының барысында енгізіледі деген ойдамыз», - деп ақпараттандырды Нұржан Әлтаев.  

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары сонымен қатар Ұлттық палатаның білім туралы заңның кәсіптік-техникалық білім беру жайлы бөліміне толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар енгізгенін хабарлады. Заң жобасының өзгертулермен 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін енгізілетіндігі белгілі.

«Сонымен қатар барлық мемлекеттік органдарға кәсіптік-техникалық білім беру туралы заңның жаңа жобасы жасалып, жолданды. ҰКП Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Дуалды оқытуды енгізу жөніндегі жол картасын дамыту бойынша қаулының қабылдануына бастама көтерді. Қазіргі уақытта бұл жоба Премьер-Министрдің Кеңсесіне енізілді», - деп жалғастырды сөзін Нұржан Әлтаев.

Ол сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі және халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп орта буын мамандарын шетелде машықтандыру бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.

Кездесуге 3 министрліктің өкілдері қатысты

Бір айта кететіні, бес өңірде дуалды оқыту германдық формасының тәжірибесі енгізіліп отыр.

Нұржан Әлтаев хабарлағандай, биылғы жылы кәсіпорын базасында 10 мыңнан астам маманды даярлау басталатын болады.

Алайда, ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, бұл мәселеде Үкімет пен жергілікті атқару органдарының қолдауы қажет, себебі мемлекеттік органдардың жұмысы кей-кейде келісусіз жүріп жатады.

Кездесу барысында жұмыс берушілер кәсіптік-техникалық білім беруді жетілдіруде жүйелік шешімді талап ететін проблемаларды да көтерді.

Сонымен, «Қазақстанның ет одағы» ЗТБ төрағасы, «Агрофирма «Родина» ЖШС бас директоры Иван Сауэр  елімізде мамандарды даярлау мәселесіне ойланбастан кірісетіндігін мәлімдеді. «менің түсінігімше, осынша мөлшердегі жоғары білімді маманды дайындау дұрыс емес, себебі олар кейін талап етілмейтін болып шығады да, ақырында төмен жалақылы жұмысқа тұра салады», - дейді Иван Сауэр.

Иван Сауэр

Дегенмен, еліміздегі жетекші аграрлық кәсіпорындардың бірінің басшысы өз сөзінде кәсіптік-техникалық білім беру мәселелерін өзінің жеке қалай шешкенін айта келіп, негізгі көңілді осы жаққа аударды.

Оның ойынша, бөтен тәжірибе іздеп, оны өзіне алып, арнайы бағдарламалар жасаудың қажеті жоқ. Иван Сауэрдің пікіріне сүйенсек, проблема айтарлықтай қарапайым жолмен шешіледі: жұмыс беруші студенттердің оқуы, тамақтануы, тасымалы, тұрғын үймен байланысты барлық мәселелерді өзіне алуға, колледжбен тығыз қарым-қатынас орнатуға, оқытушылар мен шеберлердің қатарынан тәлімгерлерді бекітуге тиіс.

Айтпақшы, оның «Родина» атты агрофирмасында, өзінің айтуынша, бір де бір бос орын жоқ екен. Оның сөзіне сүйенсек, қажет кадрларды даярлау жоспарлы түрде жүргізіледі, оның үстіне жұмысшы кәсіптерге көбірек оқытуға тырысады.

«90 жылдардың ортасында кәсіптік-техникалық училищелер, техникумдар бірінен кейін бірі жабыла бастайды да, кейбіреуі қайта бейінделіп, көптеген ғимараттар бос қалды. Жатақханалар да бұзылып, жылу жүйесінде іркілістер орын алады. Ал әрекет етіп тұрған мекемелерде әлімжеттік сияқты құбылыстың етек алуы байқалады. Балалар оқуға барудан бас тарта бастайды.

Сонда біз проблеманы былайша шештік. Балаларды оқуға және кері алып қайтатын автобус алдық, яғни олар үнемі қарауымызда болды. Ақырында жұмысшы мамандықтардың жетіспеушілігі проблемасы шешілді», - дейді Иван Сауэр.

Оның айтуынша, өзі басқаратын кәсіпорын жыл сайын 35-38 адамға дейін оқытады. Әрбір оқушыға тәлімгер бекітілген. Ол мамандықтың барлық қыр-сырын тәжірибеде оқыта отырып, оқудың бүкіл процесін бақылайды да, училищені аяқтаған соң қай оқушының қандай мамандыққа ұмтылатыны және қандай лауазымға үміті бар екендігі түсінікті болады.

Бір айта кететіні, Иван Сауэр кәсіпорын қызмет еткен 20 жылда олардың тәжірибесін ешкім де пайдаланбағандығына назаланды.

Агрофирма басшысының бір сұрағаны мемлекеттің тұрғын үй проблемасын шешуге қатысуы, себебі оның жұмыскерлері тұрғын үйге мұқтаж.

ҚР Жұмыс берушілер Конфедерациясының Президенті Наджат Қадыров шұғыл түрде шешілуге тиіс төрт проблеманы ерекшелеп көрсетті.

«Мысалы, елдегі 842 колледждің тек 27-сі ғана жұмысшы кадрларды дайындайды және жұмыс берушілер жүзге жетер-жетпес даярланған кадр алады, оның үстіне олардың барлығы жұмысқа тұрып кете қоймайды, ал олардың қандай да бір бөлігі жұмыссыздар қатарын толықтырады», - деп атап өтті ол.

Конфедерация басшысы сонымен қатар даярлау сапасының жұмыс берушілер қоятын талаптарға сәйкес келмйтіндігін баса айтты. Оның айтуынша, тәжірибелі шеберлер қажет және оларға үстеп төлеуді жүргізу керек. Кеңес уақытында кәсіпорындар үздік шеберлерді жалақысын сақтай отырып, техникумдар мен училищелерге жіберіп отырған. Өкінішке орай, бүгін мұндай мамандарға мардымсыз жалақы төлейді де, осының салдарынан олар мамандықтарын тастап кетіп жатады.

Наджат Кадыров 

Наджат Кадыров сонымен қатар тағы да бір проблемаға назар аударды – колледждерде тамақтанудың жоқтығы. Сонымен бірге, оның ойынша, ОАОО-да көбінесе аз қамтылған отбасылардың балалары оқиды, олар үшін бұл мәселені шешу өте орынды болар еді.

Басқа да проблемалар қатарында конфедерация басшысы сонымен бірге жатақхананың жетіспеушілігін, ескірген материалдық-техникалық базаны, жұмысшы мамандықтар беделінің төмендеуін атады. Наджат Кадыровтың ойынша, кәсіптік-техникалық білім беру туралы заңды қабылдаумен ғана бұл мәселелерді шешуге болады.

Қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымы қауымдастығының (Kazenergy) атқарушы директоры Тоғжан Қожалиева кадрларды даярлау жағынан өздерінің қандай жұмыстар атқарып жатқандарын айтып берді.

Оның айтуынша, біліктіліктің салалық шеңберлері жасалып, қабылданған. Алғаш рет жер қойнауларын пайдаланушылар үшін желтоқсан айының соңына дейін шығару жоспарланып отырған мамандықтардың бірыңғай анықтамалығы жарияланатын болады.

Қауымдастық сонымен қатар мұнай-газ саласының кадрларға қажеттілігі бойынша еңбек нарығын зерттемекші және 2015 жылға дейінгі болжам жасамақшы ойда.

Тоғжан Қожалиева

Тоғжан Қожалиева Атырау облысының Құлсары қаласындағы бұрынғы кен орындарының бірінің базасында келесі жылдан бастап оқу полигонын құру жоспарланып отырғанын, онда мұнай өндірісі жоғары оқу орындарының студенттері мен түлектері өндірістік іс-тәжірибеден өте алатындығын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе Сингапур мен Әзербайжанда бар екен.

Ол сонымен қатар келесі жылы алғаш рет мұнай-газ саласында кадрларды дамыту тұжырымдамасы дайындалатындығын хабарлады.

«Жер қойнауларын пайдаланушылардың қаражатына оқу қорын құру бойынша бастама бар. Оны облыс әкімдері қолдап отыр. Қор мұнай саласындағы кадрларды даярлаудың тиімділігін көтеруді ынталандыруға бағытталған», - дейді Тоғжан Қожалиева.

Жұмыс кездесуінің барысында кәсіптік стандарттарды дайындау туралы мәселе көтерілді. Отырысқа қатысушылардың көпшілігінің пікіріне сүйенсек, бұл мәселемен Ұлттық палата айналысуға тиіс.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова осы ұсынысты ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысып жатқан кәсіптік стандарттарды дайындау бойынша жұмысты алдымен жөнге салып алу қажет екендігін, ал содан кейінгі жылдарда оны ҰКП-ның құзыретіне беруге болатындығын атап өтті.

Оның үстіне Гүлшара Әбдіқалықова Ұлттық палатаның қазір де кәсіптік стандартты дайындауға қатысуға құқылы екендігін атап кетті.

«Заң жүзінде министрлік бұл стандартты ҰКП-мен келісусіз бекіте алмайды», - деп түйіндеді Үкімет басының орынбасары.

Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА


Еншілес ұйымдар

Серіктестер