astana-view

Өзбекстан кәсіпкерлерді көрмелерді тамашалауға шақырады

2016 жылғы 19 Қазан
5427 просмотров

Орталық Азияның халықаралық өнеркәсіп апталығы Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өтеді

Апталық аясында үш мамандандырылған көрме шымылдырығын түреді. Олар «Металлургия. Машина жасау. Станок жасау – Machinery Central Asia 2016» 9-шы орталықазиялық халықаралық көрмесі, 11-ші халықаралық  «Тау-кен ісі – MiningWorld Uzbekistan 2016» көрмесі, 13-ші халықаралық «Көлік және логистика – TransUzbekistan 2016» көрмесі.

Шара 2016 жылдың 16-18 қараша күндері «Өзэкспоорталық» ұлттық көрме кешенінің №2 павильонында өтеді.

Көрмелердің жұмыс уақыты: 16 қараша 11:30 – 17:00; 17 қараша 10:00 – 17:00; 18 қараша 10:00 – 16:00.

Өнеркәсіп апталығына әлемнің 21 елінен 55 компания қатысады, олардың арасында Белорусия, Ұлыбритания, Германия, Иран, Италия, Қазақстан, Қытай, Латвия, Литва, Польша, Корея Ресупбликасы, Ресей, Словакия, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Финляндия, Швейцария, Эстония, Жапония мемлекеттерінің компаниялары бар.

Жетекші халықаралық және ұлттық компаниялар көлік және логистика нарығындағы соңғы үрдістер мен жаңа дүниелерін ұсынады. Сондай-ақ логистикаға кететін шығындарды оңтайландыру, авто, әуе, теңіз және мультимодальдық тасымалдаулар, жүктерді өңдеу, қаттау және сақтау, ІТ-шешімдер және автоматтандыру, көлік құралдарын газ жанар-жағармайына үйлестіріп қайта жабдықтау, нормалар мен стандарттар жаңалықтары назарға ұсынылмақ.

Станоктар, металл өңдейтін құрал-жабдықтар, дәнекерлеу материалдары, кескіш құралдар, вертикальды өңдеу қондырғылары, болат конструкциялар мен темір өңдеу өнеркәсібіне арналған станоктар мен жүйелер, металлургияда қолданылатын оттек пен азот генераторлары, метрологиялық технологиялар мен құрал-жабдықтар да көрмеге қойылады.

Көрмеде бұрғылау, байыту, тау-кен-шахталық, уатып-сұрыптағыш құрылғылармен, тау-кен өндіру саласындағы қауіпсіздік жүйесіндегі жаңа дүниелермен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы технологиялармен, жол-құрылыс және арнайы техникалардың үлгілерімен танысуға болады.

Көрменің іскерлік бағдарламасы шеңберінде 17 қараша күні «Өзбекстан Республикасының қатты пайдалы қазбаларының инвестициялық әлеуеті» халықаралық конференциясы мен Ташкент қаласындағы Universal Logistics Services заманауи контейнерлік көрмесі жоспарланған.

Көрмеге қатысқысы келгендер www.mca.uz, www.mining.uz және www.trans.uz сайттарына алдын ала тіркеліп, өзінің жеке электронды бейджін алуына болады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер