astana-view

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2016 жылғы қызмет нәтижесін қорытындылап, 2017 жылға арналған жұмыс жоспарымен бөлісті

2016 жылғы 08 Желтоқсан
4645 просмотров

Астанада ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысы өтіп, оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Жиынды ашқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша Палата алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойғанын атап өтті. Оның ішінде халықты жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мен жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері бар. Сонымен қатар, Ұлттық палата тарапына, ауылшаруашылық кооперативтерін көбейту, экспорттық әлеуетті әртараптандыру сияқты агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайттары жүктелуде. 

Тимур Құлыбаев, Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы аясында және Ұлт жоспары – бес институционалды реформаны жүзеге асыруға байланысты 100 қадамға сәйкес, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті дамыту жөніндегі 10 басымдыққа ие қадамдар тұрғысында ұсыныстар әзірлегенін жеткізді. Осымен бірге, ҰКП, халықты жаппай бизнес негіздеріне оқытуға белсенді атсалысуға дайын. Үкімет қолдауымен екі қанатқақты жоба іске асырылды. Бұл Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы  «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» жобалары болып отыр. Алдағы уақытта тиісті іс-қимылдар барлық өңірлерде атқарылады деп жоспарлануда. 

«10 қадамның ауқымында және де өнімді жерсіндіру мен экспортқа шығуға жауап ретінде мемлекеттік қолдаудың есебінен ұзақ мерзімді тапсырыстар мен қажетті шараларды ұсыну арқылы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ұсынылуда», – деді Төралқа Төрағасы.

Әрі қарай баяндама жасаған «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, нөмір бірінші стратегиялық басымдық ретінде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды келтірді. Оның айтуынша, 2013 жылдың қазан айынан бері Ұлттық палатаға 15430 өтініш түссе, 2016 жылы олардың саны 5419 арыз-шағымды құраған. «Атамекенде» бизнес өкілдерінен өтініш-тілектерді қабылдауға арналған онлайн-сервистер іске қосылып, прокуратура органдарымен өзара байланыс орнаған. Ең көп өтініштер салық салу, жер заңнамасы, сатып алу және кәсіпкерлік саладағы дау-дамайларға қатысты болып отыр. Арыздардың 40 пайызын оң шешуге қол жеткізілген. Сәйкесінше кәсіпкерлердің 41,7 млрд теңге сомасындағы мүліктік құқығы қорғалып қалған.

Бизнес-ортаны жетілдіру мақсатында, ҰКП, өзекті мәселелер реестрін жасап, оған келіп түскен 438 мәселенің 65%-ы, яғни 285-і шешімін тапқан. 2016 жылдың 11 айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 4040 нормативтік-құқықтық акті жобасын сараптаудан өткізді. Нақты нәтижелер байқалуда. «Нақты жоспарлау жобалары жоқтығы себебінен әкімдіктердің жер телімдерін беруден бас тарту мәселесі шешіліп, өзге коммерциялық мақсаттарға қолданған кезде коммерциялық жердің мақсатты тағайындалуын өзгерту қажеттілігі жойылды. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесі оңтайландырылып, жоспарлы тексеріс түрлері тоқтатылды, 3 тексеріс тәсілі енгізілді. Реттеуші әсер ету талдауын өткізу жайлы қағидат іске қосылды. Ендігі сәтте, жаңа рұқсат ету түрлерін енгізгенде немесе талаптарды қатаңдатқанда, мемлекеттік мекеме экономикалық есептеулер арқылы оның қажеттілігін дәлелдеуі тиіс. Түбегейлі шешім бірінші вице-премьер төрағалық ететін ведомствоаралық комиссия деңгейінде қабылданады. Нысандардарды жарнаманың қайсібір түріне жатқызудағы түсініспеушілік те өз шешімін тапты. Өйткені маңдайшалардағы жазулар барлық бизнес субъектілері үшін жарнама түрінен шығарылды», – деп хабарлады Нұржан Әлтаев.  

Отандық кәсіпкерлердің тағы бір бас ауыртар мәселесі, әсіресе ауылдық жерде, ол қаржылық, инфрақұрылымдық және өткізу нарықтарының қолжетімділігі болуда. Бұл тұста Ұлттық палатаның субсидиялаудың ауыспалы мөлшерлемесін орнатуға қатысты ұсынысы қабылданған. «ҰКП келесі формуланы ұсынады: субсидиялау мөлшерлемесі = өтімділік бойынша мөлшерлеме (базалық мөлшерлеме + дәліз) + банк маржасы. Осы орайда субсидиялау ұстанымын сақтап қалу қажет. Сондай-ақ, Палата, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында купондық сыйақылық субсидиялау тетігін енгізуді, айналым қаражатының оңтайлы мөлшерлемесін 12%-дан, инвестициялық мақсаттарға 7%-дан аспайтындай деңгейде қамтамасыз етуді, «тиімді жоба» ұғымын алып тастауды яки қайта қарастыруды, сауықтыру бағдарламасын жандандыруды, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын субсидиялауды ұсынды», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

ҰКП, бұдан тыс, адами капиталды, сатып алу мен жергілікті қамтуды, ауылдық елдімекендерде бизнесті, кәсіпкерлікті сервистік қолдауды, жұмыспен қамтуды дамытуды, жекешелендіру барысында бизнес мүддесін ескеруді назарда ұстап, қажетті жұмыстарды жүргізуде. Бұл ретте Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жасалған. Экспорттық-импорттық операцияларды оңтайландыру, дауларды сотқа дейін шешудің тетіктерін дамыту бағыттарына мұқият көңіл бөлінуде. 

ҰКП биыл жасап шыққан кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы бойынша келесі жылы да жұмысты жалғастырмақ. Мұнда шағын несиелеу көкжиегі кеңейтіліп, халықты жаппай бизнес негіздеріне оқыту, ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту, өндірісті жерсіндіруге жауап ретінде ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономика өсімінің негізгі ұстыны ретінде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетін күшейту, индустриялдық және инвестициялық шешімдер қабылдауда Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын негізге алу, «Үкімет бизнес үшін» сервисін жасау, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы әрі қарайғы жетілдіру, нарықтық ұстанымдарға нұқсан келтіру жөнінен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың барлық ведомстволық және еншілес құрылымдарын ревизиялау көзделуде.

ҰКП Төралқасының кеңейтілген отырысында, сонымен бірге, «Alageum Gruop» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы Сайдолла Қожабаев, «Баян Сұлу» АҚ басқарма төрағасы-президенті Тимур Садықов және Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов сөз сөйледі. Мәселен, «Alageum Gruop» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы ғылыми еңбектерді қаржыландыру, отандық кәсіпкерлердің гранттарға қол жеткізе алмауы, кадр даярлау сапасы сынды мәселелер туралы ой қозғады.

«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының басшысы өнімді өткізу нарығы, отандық тауар өндірушілердің тамақ өнімдерін экспорттау жайттарын мәселе етіп көтерді. Оның пікірінше, Ресей экспорттық орталығы секілді, Қазақстанда сауда алыс-берісін үйлестіретін арнайы орган құру қажет.

Қызылорда облысы Сервис және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Ерлан Райымов, кәсіпкерлік саладағы өткір маман тапшылығына алаңдаушылығын жеткізіп, бұл әсіресе шағын бизнес бағытында өте өзекті екенін айтты: «Елде білікті мамандарға мұқтаждық қалыптасып отыр. Бізде аяқ киім жасаушыларды, тігіншілерді, үй құсын өсірушілерді дайындамайды. Ал қаптаған қаржыгер, заңгер, бағдарламашы дипломдары бар жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс таба алмай жүр. Сондықтан кәсіпкерлік университеттері желісіне зәрулік сезілуде. Кәсіпкерлік салада білім беру стандарты қабылданып, оны ЖОО-лар мен техникалық-кәсіби оқу орындарының негізіне айналдыру керек», - деп санайды Ерлан Райымов.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер