astana-view

Жастар кәсіпкерлігінің жаңа серпіні

2016 жылғы 17 Ақпан
3976 просмотров

Қазақ киіз үйлерін құрастырумен және жалға берумен айналысатын «Dala House» компаниясының «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсындағы жеңісі кәсіпорынға жаңа серпіліс берді

Бизнес әлеміне енді ғана енген жастардың старт-ап жобалары мемлекеттің қолдауы мен бағыт-бағдарына өте мұқтаж. Өйткені, олардың тәжірибесі мен бизнеске құятын ресурсы аз болуы мүмкін. Сондықтан, жастар бизнесін қолдап, ынталандыру өзекті мәселе. Осы ретте, 2015 жылы «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақстанның үздік тауары» атты  өңірлік даму көрмесінде ынталандыру сыйлығын алған «Dala House» компаниясының жеңісі кәсіпорынның жұмысына тың серпіліс берді. Ынталандыру сыйлығы да кәсіпорынның мүддесі үшін жұмсалды. Бұл туралы компанияның директоры Сырымбек Төлеуұлы айтып берді: «Көрмеде жүлделі орынды жеңіп алуымыз – біз үшін үлкен  нәтиже. Әзірге  кәсібімізді өз деңгейімізде жүргізіп келеміз. Десе де, болашақта шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, елімізге пайдалы дүние жасап, кәсіпкерліктің дамуына үлес қосамыз деген сенімдемін»,–дейді ол.

Компанияның қазіргі аяқ алысы жаман емес. Астана қаласы мен Ақмола облысында киіз үйлерді құрастырып сатумен және жалға берумен айналысады. Киіз үй жалға ішкі мүліктерімен бірге беріледі. Ал оның құрамдас бөліктерін әр өңірден тапсырыспен жасатып, кәсіпорын шеберлері құрастырады. Қазірдің өзінде ұлттық нақыштағы 100-ге тарта киіз үй айналыста жүр.

Келер жылы болатын «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне киіз үйлерді шығару үшін жұмыстар жасалып жатыр. Қазақстанның мәдениетін әлемге паш ететін жобаға қатысу компания үшін зор мүмкіндік болғалы тұр. «Елімізде өтетін осы халықаралық көрме арқылы үлкен нарыққа жол ашуға болады. Біріншіден, көрмеге шығарамыз. Екіншіден, қонақтар үшін құрылатын этноауылды жасақтау үшін бізге тапсырыс болары сөзсіз. Осыған орай, қазір дайындық шараларын жүргізіп жатырмыз. Киіз үйлер санын арттырып, сапасын жақсартуға күш салудамыз. Бұл бір жағынан біздің бизнесімізге қарқын берсе, екінші жағынан әлемдік көрмеде қазақтың ұлттық киіз үйі мен ұлттық дәстүрді насихаттау болар еді», – дейді кәсіпкер. 

Кәсібін нәсіпке айналдырып отырған шағын кәсіпорынның мемлекеттік қолдаудан да үміті бар. «Бүгінде әлемді  үлкен дағдарыс шарпып отыр. Дағдарыс жағдайында біз секілді кішігірім әрі жас кәсіпорындар үшін бизнес жасау қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттің қолдауынан үміттеніп жүрміз. Бұл қолдау тек бизнесті ғана емес, қазақ халқының дәстүр-салтын да қолдау болар еді. Себебі,  киіз үй қазақ дәстүрінің ажырамас бөлігі», – дейді Сырымбек Төлеуұлы.  


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер