astana-view

Сауатты бизнес-жоспар – сәтті кәсіп кепілі

2016 жылғы 22 Ақпан
7658 просмотров

«Атамекен» ҰКП мамандары жасаған бизнес-жоспардың арқасында «Бибіхан» компаниясы сәтті дамып келеді

«Атамекен»ҰКП-ның басты мақсаттарының бірі – бизнеске дұрыс бағыт-бағдар беру. Осы көмекті тиімді пайдаланып, қарқынды өсіп келе жатқан «Бибіхан» компаниясының бүгінгі жетістігі Палата миссиясы орындалып жатқандығының бір көрсеткіші. 

Бүгінде «Бибіхан» компаниясы құрамында бір цех, екі дүкен бар. Сондай-ақ, қолөнер бұйымдарын, тұрмыстық тоқыма заттары мен сәнді және ұлттық киімдерді нарыққа шығарумен айналысады.

Кәсіпорын иесі Әлия Демеуханова бизнесін 90-жылдардағы басындағы  қиын экономикалық кезеңде бастаған. Алайда, үміттен күдік басым болған заманда кәсібінің дәл бүгінгідей жанданатынын ойламаса керек.

«Ең алғашқыда қой жүнінен тон тігуді бастадық. Бірақ елдегі күрделі  жағдайда бұл істі дөңгелетіп әкету қиын болатын. Жарық жиі өшіп қалады және материал тапшы еді. Тондарды Ресейдің нарығына дейін апарып саттық. Алайда оның табысынан машақаты көп болды. Сөйтіп жүріп тігін тігу ісіне ауыстым. Қазір еліміздегі тұрақтылықтың арқасында, бизнеске жасалған жағдайдан кейін ісіміз түзеліп, кәсібіміз өрге басып келеді. Былтыр мемлекеттен аз пайызпен несие де алдық. Осының нәтижесінде өрісіміз кеңейіп жатыр. Қазіргі бизнесімізбен шектеліп қалмай, болашақта сән үйін ашуды жоспарлап отырмыз»,– деп ой бөлісті Әлия Демеуханова.

Қазіргі бәсекелестік күшейген нарықтық экономикада бизнесті сауатты жүргізу аса маңызды іс. Осы орайда Әлия Демеуханованың компаниясының   бизнес-жоспарын «Атамекен» ҰКП жасап береді, сол бағдарлама бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан» жалпы сомасы 63 миллион теңге көлемінде несие алады. 

«Мемлекеттің жасаған көмегі біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Соның арқасында сән үйінің құрылысын бітіріп алдық. Бірінші рет «Даму» бағдарламасы арқылы 6% мөлшерлемемен 50 млн теңге, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жобасынан 11% сыйақы мөлшерлемесімен 13 млн теңге алдық. Ал, «Атамекен» ҰКП бізге кедендік және салық мәселелерін реттеуге де көмектесті. Өте ыңғайлы. Бұрын мұндай мәселелерді шешу үшін бірнеше есікті қағып, кезекке тұруға тура келетін. Әйткенмен, кәсіпкер үшін бұл тиімсіз. Өздеріңізге белгілі, кәсіпкердің уақыты тығыз. Мәселен, мен ұйымдастырушылықтан бөлек, киім пішу, тігу, үйлестіру секілді  техникалық жұмыстарды да атқара беремін. Сонымен бірге, «Атамекен» ҰКП-ның бізге бизнес-жоспар жасап беруі таптырмас көмек болды. Біздің мақсатқа жетер жолымызды анықтап, кәсіби кеңестер берді»,–дейді кәсіпкер.

Алайда, кәсіпкер несие алу барысында кейбір кілтипандардың да бар екенін жасырмады.

«Былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес-жоспарды наурыз айында жазып берді. Ал сол кезде басталған несие алу процесі шілдеде бір-ақ аяқталды. Өйткені адам факторы   кедергі келтірді. Несиені транш-траншқа бөліп, әрең алдық»,–дейді Әлия Демеуханова.  

«Бибіхан» компаниясы басшысының ойынша, қазіргі дағдарыс жағдайында Қазақстан бизнесін құтқаратын отандық шикізат. Өйткені жыл өткен сайын шетелден шикізат әкелу қымбаттап, тиімсіз болып бара жатыр. Бұл мәселені тілге тиек еткен кәсіпкер: «Өкініштісі, біз шикізатты – матадан бастап ине, түймеге дейінгі ұсақ-түйектерді, Дубайдан, Қытайдан және тағы басқа елдерден тапсырыс арқылы алдыртамыз. Бұл біз үшін қымбатқа түседі. Материалдардың құны мен кедендік салықтар аз емес. Егер мата өндірісі өз елімізде дамыған болса, бізге арзанырақ түсер еді.  Естуімше, Шымкентте түйме шығарылады. Осы секілді өндірістер көбейіп,  Қазақстанның кәсіпкерлері бір-біріне көмектесіп, қолдау білдірсе бизнес жанданар еді», – деп кәсіпкер отандық өнімдерге деген сұранысын білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер