astana-view

Қазақстанда жасалған: Сұранысқа ие өнім

2016 жылғы 11 Сәуір
4837 просмотров

Ақтөбедегі жер қойнауын игеруші кәсіпорындар өндіріс жұмыстарына қажет қапшықтарды жергілікті өндірушіден сатып алады

«КазНефтеСнаб» сауда үйі қапшықтар шығару ісін сәтті жүргізіп келеді. Бүгінгі күні «ҚазақОйлАқтөбе», «Экотехникс», «Стройдеталь», «ЭкотонАқтөбе» сынды ірі кәсіпорындар тұрақты тапсырыс берушілердің қатарында. Фирма басшылығы қазір қызылордалық уран өндіруші кәсіпорынмен келіссөздер жүргізуде. Жергілікті өнім өндіруші өз нарығын кеңейтіп, басқа өңірлерге шығуды да қолға алмақшы.

«Біз негізінен 2 матауыш арқаны бар 1000 келі салмақты көтеретін қапшықтар шығаратынбыз. Енді 4 матауыш арқаны бар 1500 келі салмаққа шыдайтын қапшықтар шығаруды бастадық. Бұл қап қалталарды кәсіпорындар күкірт, уран секілді өнімдерді тасымалдауға қолданады. Тауарымыздың сапасы жоғары, CT-KZ сертификаты бар», – дейді «КазНефтеСнаб» сауда үйінің директоры Қайрат Тайбөкенов.

Өндірістің қожайындары бұл бизнесті бастау үшін ешқандай несие алмай, өз қаржыларын құйғандарын айтады. Қажет қондырғыларды шетелдерден әкелген. Тігін машинасы америкалық, пішу машинасы италияндық, ал фирманың логотипін салатын құрылғы қытайдыкі.

Фирма өткен жылы 25 мың дана қап шығарып, жылды табыспен аяқтаған. Өндіріс цехында 6 адам еңбек етеді. Орташа айлық жалақы мөлшері – 60-70 теңге шамасында.

«Жұмысымыз тұрақты жүргендіктен мемлекетке тиісті салықтарымызды төлейміз. Облыстық кәсіпкерлер палатасының  түрлі семинарларына қатысып, бизнесімізді дамытуға байланысты кеңестер аламыз, көмегіне де жүгініп тұрамыз», – дейді Қайрат Тайбөкенов.

Сауда үйі биыл Ақтөбе қаласы Индустриалдық аймағынан жер телімін алып, жаңа өндіріс цехын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның өндіретін өнімдерінің қатарын бұдан былай ұн, қант, тұз секілді азық-түлік өнімдерін салатын 25 және 50 келілік шағын қапшықтар толықтырмақшы. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер