astana-view

Алынбайтын қамал жоқ!

2016 жылғы 22 Сәуір
- Жетісу облысы
8389 просмотров

Үштөбеде аудандағы істің көзін тапқан табыскер әйелдер бас қосты

«Атамекен» іскер әйелдерінің өңірлік кеңесі «Әйелдердің Қаратал ауданындағы кәсіпкерлікті дамытудағы рөлі» төңірегінде форум ұйымдастырды. Бұл шараға белгілі  бизнесвумендермен қатар  өз ісін ашқысы келетін  әйелдер және аудандағы қоғам қайраткерлері қатысты.

Ашық әңгіме түрінде өткен форумның мақсаты – әйелдердің іскерлігін насихаттап, оларды бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға көптеп тарту. Сол себепті жиынға қатысушыларды толғандыратын барлық сұрақтарға тұщымды жауап беріп, қызу талқылау ұйымдастыру мақсатында форумға жетекші банктердің, мемлекеттік қаржылық ұйымдардың, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту басқармасының өкілдері шақырылды .

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдердің өңірлік кеңесінің  төрайымы Мәмилә Мұсабекова өзінің кіріспе сөзінде әйелдер кәсіпкерлігінің маңызы мен республикалық кәсіпкерлер палатасының осыған қолдау көрсету әдістері туралы айтты. 

«Кәсіпкерлер палатасы бизнеске кіріскен және кәсібін енді бастауды ойлап жүргендерге тегін, әрі қайтарымсыз көмек көрсетеді. Біздің эксперттеріміз бизнес-жоспар жасап, оны толық жүзеге асырудың және өнімді өткізудің жолдарын да  көрсетіп, көкейлеріңіздегі барлық сұрақтарға жауап береді. Біз мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреміз, қолдау тетіктері мен әдістері туралы айтамыз», – деді  Мұсабекова.

Іскер әйелдер кеңесінің Қаратал филиалын осы өңірдегі белгілі кәсіпкер Марина Югай басқарады. Ол өз күшімен ұйым құрамын қалыптастырып, жұмыс жоспарын жасаған. «Даму» қорының Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мәліметтері бойынша былтыр 23 адам мемлекеттен бөлінген 58 млн. теңгені пайдаланыпты. Олардың арасында әйелдер де аз емес. Биыл бизнесті қалыптастырып, ауқымын кеңейту мақсатында 69 млн. теңге бөлініп отыр.

«Қазір аудан тұрғындары, қажетіне қарай екінші деңгейлі банктерден 5 жылға 6 миллион теңгеге дейін жылдық тиімді мөлшерлемесі 6 пайыздық кредит алуларына болады. Ең бастысы кепілдік мүлкі болуы шарт», – дейді Орталықтың кеңесшісі Ыбырай Меңдібаев. 

Дегенмен көпшілігінде мұндай кепілдік жоқ. Сондықтан мемлекеттің қаражаты бәріне бұйыра бермейді.  

Сонымен қатар, әйелдер банктен несие алу туралы өтініштерді қараудың мерзімі туралы сұрады. Өйткені кейде олар айлап созылады. Палатаның адам ресурстарын дамыту бөлімінің  бастығы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша мемлекеттік бағдарламалардың ішіндегі ең тиімдісі, әрі маңыздысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы». 

«Биыл осы бағдарламаны жүзеге асыруға 4 миллиард теңге жуық сома бөлінді. Бұл қаражатты игеру қажет. Бағдарламаға қалаған адам қатыса алады. Өйткені шағын қалалар мен ауылдарда экономиканың салалары бойынша шектеу жоқ. Әсіресе, бағдарламаның екінші және үшінші бағыттары тартымды. Бұл микрокредиттер беру, мамандарды оқыту мен қайта даярлау  және т.б.. Биыл 6 миллион теңгеге дейін берілмек және мүліктік кепілдік талабы да икемді», – деді А.Оңғарбаева.

«Халық банк», «Центркредитбанк» және «Даму» қорының өкілдері банктік займ берудің жолдары мен шарттарын түсіндіріп, әйелдердің сұрақтарына жауап берді.

Әңіме барысында табанды да табыскер әйелдер өз жетістіктерінің тарихына да тоқталды. Ұйымдастырылған көрмеде кондитерлік, тоқыма бұйымдары, әйел киімдері сияқты өз өнімдерін көрсетті.

Наталья Ли – бұрынғы банк менеджері, 15 жыл бұрын отбасылық бизнеске кетуді ұйғарыпты. Оның айтуынша, өндірістің бірінші жылы өмірін күрт өзгерткен. Қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдер шығаратын «Л.А.Д.» жеке кәсіпкерлігі  бүгінде қаланың бетке ұстар кәсіпорындарының біріне айналып отыр.

«Біздің «Халық банкінен» алған алғашқы несиеміз  тоңазытылған жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қоюымызға жақсы мүмкіндік болды, тіпті, бизнесіміздің бұдан былайғы дамуына керемет серпін берді. Осы уақыт ішінде біз гендік модификацияланған ағзалар қосылмаған, таза табиғи өнім шығарып келеміз, әрі сапаға қатты мән береміз. Сондықтан біздің өніміміз Үштөбеде ғана емес, бар аймаққа танымал. Мемлекеттің қолдауының арқасында біз сауда алаңдарын, кафетерилер аштық. Мен әйелдеді кәсіпкерлікке белсене араласуға шақырамын»,– деді Наталья.

Кәсіпкер Жұмабала Оразалиеваның қиын тағдыры залдағыларды қатты толқытты. Ол 29 жасында бес баласымен жесір қалыпты. Бүкіл өмірін бала-шағасын бағуға арнаған зейнеткер екі ай бұрын ғана жеке кәсіппен айналысуға бел буыпты.   

«Мен бала кезімнен тігіншілікке әуес болдым. 5-6 жасымда аға, апаларыма киім тігуге көмектесуші едім. Менің ойымша өз ісіңде жақсы көрсең ғана нәтиже шығады. Жақында қызым екеуміз жеке кәсіпкерлікті тіркеттік. Сөйтіп, тапсырыс алып киім, төсек-орын тігумен айналысып жатырмыз», – дейді Жұмабала Оразалиева. Әңгіме арасында жаңа құрал-жабдық алуға қаражат қарастырып жатқандығын да  тілге тиек етті.

«Қамқор» компаниясының директоры Наталья Ким форумда әйелдер киімінің коллекциясын көрсетті. Онысы шетелдік брендтерге бергісіз. Оның сөзіне қарағанда кәсіпкер болу – үлкен шыдамдылықты қажет етеді. 

«Кәсіпорын құрып, бизнеспен айналысу оңай деп айта алмаймын. Көпшіліктің айтысынша несиелік өтінішті банктер тым ұзақ қарайды екен. Басқаша қалай болуы мүмкін? Мемлекет сіздің төлем қабілетіңізді тексереді,  бизнес жүргізе алатын мүмкіндігіңізді байқайды. Сондықтан еңсемізді түсірмей, жұмысымызды жалғастыра бергеніміз жөн. Біз рынокта 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатсақ та ірі көлемдегі несиеге былтыр ғана қол жеткіздік»,– деп өз тәжірибесін ортаға салды Н.Ким. 

Форумның соңында ажырасу тауқыметін тақырып еткен «Ана мен бала» атты спектакль қойылды. Қойылымдағы басты рөлдерді «Айналайын» балалар үйінің шәкірті Дмитрий Чернов пен ұстаз Динара Өмірзақовалар сомдады. Көркем туындының идеялық жетекшісі – балалар үйінің директоры және Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиеваның айтуынша әйелдер, бірінші кезекте ана екендіктерін естен шығармауы тиіс.

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі осындай форумдарды аймақтың басқа да өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер