astana-view

Бизнес-ханымдарға арналған бағдарлама

2016 жылғы 27 Мамыр
- Маңғыстау облысы
7242 просмотров

Ақтауда кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдерге жеңілдікпен несие беруге арналған бағдарламаның таныстырылымы өтті

Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау құралдары туралы маңғыстаулық кәсіпкер әйелдерге Еуропа қайта құру және даму банкінің Батыс Қазақстан бойынша өкілі Айбек Оразбаев баяндап берді.

«Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын «Банк Центр Кредит» АҚ жеке тұлғаларға сату бөлімінің бастығы Халел Тілеуқұлов таныстырды. «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы кез келген саладағы кәсіпкер әйелдерге бизнесінің өсіп, өркендеуі үшін қаржылай және техникалық көмек ұсыну мақсатында арнайы әзірленді», – деп атап өтті банк өкілі.

Оның айтуынша, Ақтөбе мен Алматы қалаларындағы бизнесвумендердің жобалары қаржыландыруға мақұлданған. «Бұл жобалар пластик бұйымдар мен ұннан жасалатын өнімдерден бастап азық-түлік өнімдерін  жеткізу мен азаматтық киім-кешектер брендін әзірлеуге дейінгі кең ауқымды қамтиды», – деді Халел Тілеуқұлов.

Кәсіпкерлер мен франшизаларды қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламалары туралы «Банк RBK» АҚ шағын және орта бизнесті несиелендіру бөлімінің бас маманы Артем Айдынов мәлімдеді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова өңірдегі бизнесвумендерді «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасына белсенді түрде қатысуға шақырды. Сондай-ақ, ол кәсіпкер әйелдерге «Маңғыстау» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына баруға кеңес берді. Орталықта олар сервистің барлық түрінен дерлік қаржылай емес қолдау алып қана қоймай, жиі ұйымдастырылып тұратын оқыту семинарлары мен тренингтерге қатыса алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер