astana-view

Бизнестегі әйелдер саны артып келеді

2016 жылғы 01 Маусым
12050 просмотров

Ауылдағы өз кәсібін бастағысы келетін қыз-келіншектерге көмектесіп, ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Астанада «Қазақстан – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбымен өткен «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ІІ конгресінде осындай ой айтылды.

Кіріспе сөзінде Конгресс отырысының Балалар қорғау күніне тұспа-тұс келіп, ана бақыты – бесіктегі перзенті екеніне назар аударған Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, бір жыл аясында атқарылған жұмыстар ауқымына тоқталды.

Бүгінде Кеңес қолдауымен көптеген бірегей әлеуметтік, инновациялық жобалар тұсауы кесілген. Мәселен, Ақтөбе облысында Аналар үйінде тұратын әйелдерге арналып сертификат берілетін көшпелі компьютерлік сауаттылықты оқыту ұйымдастырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жекеменшік балабақшаны қалай ашу керектігін үйрететін семинарлар өткізіліп, нәтижесінде жекеменшік 3 мектепке дейінгі орталық ашылған. Астанада УниверMAG.kz – отандық өндірушілер үшін алаң, Семей мен Қарағандыда «Алғыс үшін» дүкендер желісі, Жамбыл, Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында «Ұмай ана» жобасы жолға қойылса, Оңтүстік Қазақстан облысында «Идеядан – табысқа!» жобасы жүзеге асырылуда. жұмыс жасап тұрған бизнесті дамыту мен әйелдер стартапының 75 жобасын құру жоспарланып отыр.

Лаззат Рамазанованың сөзіне қарағанда, Алматы облысында Кеңес күшімен жұмыссыз әйелдерді «Кәсіпкерлік негіздері» бағдарламасы бойынша оқыту, сондай-ақ бизнесті ашуға мемлекеттік қолдау формасы мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін түсіндіру жөнінде семинарлар шымылдығын түрген. Қорғас қаласы (Қытай Халық Республикасы) Іскер әйелдер қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

 «Шығыс Қазақстан облысындағы біздің әріптестер жастар арасында кәсіпкерлік әлеуетті ашуға арналған мектеп ашты. Болашақ аналар мен балаларға арналған «Дария» киімдерін, «Sharkey» маркалы аяқ киімдерді маңғыстаулық әріптестер Астана тұрғындарына ұсынып үлгерді. Ал Павлодар облысында Кеңестің қолдауымен мал шаруашылығын дамыту бойынша 10 стартап-жоба, «Балбөбек» ойыншықтар жасайтын цех іске қосылды. Атырау облысында кәсіпкер әйелдер 50 пайыз жұмыс орнын құрды. Тек былтыр өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған кредиттің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау аясында 4,4 млрд теңге сомасындағы 70 жобаның 31-і – кәсіпкер әйелдердің бизнес-идеясы.  Облыста 163 әйел шаруа қожалығын басқарады», деді Лаззат Рамазанова.

Сондай-ақ, Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті өз есігін айқара ашты. Қызылорда облысы «Бизнестегі әйел» ЕҚҚжДБ бағдарламасын ұсынды, сонымен бірге мамандар дайындау жөніндегі БҰҰ бағдарламасымен бірлесе, кәсіпкер әйелдерге израильдік тегін, шәкіртақысы бар MASHAV бағдарламасын ұйымдастырды. Қарағанды облысы «Арулайн» және «Ирэна Нечаевская» отандық жаңа брэндтерді белсенді алға жылжытуда және де қолөнершілердің ЭКСПО-2017-ге арналған бірінші көрмесін өткізді.

Кеңес төрайымы, сондай-ақ, іскер әйелдердің ауылда да белсенді екенін айтты. Қажырлы нәзік жандар мал шаруашылығымен, өсімдік шаруашылығымен айналысады, агросектор өндірісі мен өңдеуде жұмыс істеп жатыр. «Бұл қара күшті ғана емес, сонымен қатар біршама қаржы салуды қажет ететін өте ауыр еңбек», деп ойын тұжырымдаған Кеңес жетекшісі, «Атамекен» қазірде микрокредит беру бойынша қанатқақты жобаны Қызылорда, Алматы мен Ақтөбе облыстарында белсенді жүзеге асырып жатқанын да келтіре кетті. 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер