astana-view

Созақтық кәсіпорын сатып алудағы үлесін көбейтуде

2016 жылғы 10 Маусым
2630 просмотров

Өңірдегі тапсырыс берушілермен 20 миллион теңгенің уағдаластықтары жасалған

Бүгінде отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын қамтамасыз ету - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басым бағыттарының бірі.

Бұл мақсатта еліміздің әр аймағында 16 жұмыс тобы құрылған. Ақмола мен Атырау облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде комиссиялар құрамына облыс әкімдерінің орынбасарлары кірген.

Осы орайда ағымдағы жылдың 9 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер палатасында алдын ала талқылау шымылдығын түріп, 15 наурыз алғашқы отырыс өткен. Соңғы мәжілісте тапсырыс беруші тараптарға жалғыз тауар өндірушінің қатысуымен жүзеге асатын сатып алу тәсілінде жергілікті кәсіп иесімен шарт жасау жайын ұсыну қарастырылған. 

Негізгі өнімі ретінде түрлі өлшемдегі полиэтилен құбырларын шығаратын «Созақ Снаб» ЖШС басшылығы мен ұжымы мұндай мүмкіндіктердің туғанына қуануда.

«Өндірісіміз облыс орталығы саналатын Шымкент қаласының индустриалдық аймағында орналасқан. 2012 жылдан бастап өз өнімімізді әзірлеуге кірістік. Дайын өнім шығарудан бөлек, ең бастысы сол төл нәрсені тұтынушыларға жеткізу мен нарықта өткізуде қиындықтар пайда болуда. Қазіргі таңда бұл тіпті күрделене түскен жайт. Сауда орындарында өнімді сату жеке айналысуды қажет етсе, үлкен табыс кілті мемлекеттік және ұлттық компаниялардың сатып алуларына қатысуда жасырынуда. Міне осы сәтте ОҚО Кәсіпкерлер палатасының қол ұшын созғаны біз секілді қазақстандық тауар өндірушілерге тың серпін сыйлады», - деп әңгімелейді «Созақ Снаб» ЖШС директоры Жақып Кұттыбеков.

«Жалпы, өткен 2015 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін сатып алуларға қатысу барысында ОҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары кез-келген сатып алу үдерісінде жолыққан проблемалар мен қиындықтарға бойынша ақылын аямай сүйемелдеп, орасан зор көмектерін берді. Палатадағы білікті мамандардың құнды кеңестері кілтипандардың тез шешімін табуына оң әсерін тигізді», - дейді кәсіпорын басшысы.

Аталған нақты қадамдар жемісінде, «Созақ Снаб» ЖШС биылғы наурыз айынан бері қарай бірқатар тапсырыс берушілермен сатып алулар нәтижесі бойынша шамамен 20 млн теңгедей сомаға уағдаластықтар түзіп, жұмысын өрге бастырған. Әлі де сәйкес әрекеттер жалғасын табуда екен.

Сонымен қатар, Жақып Құттыбеков, тауар өндірушілерді сатып алуларда қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың және ұлттық компаниялардың атсалысуымен құрылған жұмыс тобының рөлін жоғары бағалап, Кәсіпкерлер палатасының еңбегіне береке тіледі.

Сөз соңында еске сала кетсек, Ұлттық палата таяуда ғаламтор бетінде «Бизнес-реестр» құралын іске қосты. Қазақстандағы бизнес иелері, тауарлар мен жұмыстар, қызметтер туралы мағлұматтардың кең ауқымы шоғырланған бұл іскерлік алаңда кәсіпкерлерге өзара қарым-қатынас жасап, ынтымақтастық орнатуға жәрдемдесу көзделуде.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Ұқсас жаңалықтар:

Бизнес үшін оңтайлы орта құру қажет
14 Маусым
2016
Шығыс Қазақстан облысы
Бизнеске тың серпін қажет
14 Маусым
2016
Маңғыстау облысы
Бүгінгі студент – ертеңгі шебер
13 Маусым
2016
Ақмола облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер